Quantization_Calibration_datasets
Collection
3 items
•
Updated
text
stringlengths 3
252k
|
---|
Қазақстан Парламентінің Сенаты — Республиканың заң шығару органының жоғарғы палатасы.
50 депутаттан тұратын Сенаттағы 40 депутатты жергілікті мәслихаттар жанама сайлайды және қалған 10 депутатты Президент тағайындайды. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi — 6 жыл. Сенаттың спикері оның Төрағасы деп аталады, бұл лауазымның қазіргі иесі — Мәулен Әшімбаев.
## Сайлау жүйесі
Қазақстан Сенаты 50 мүшесінің 40 депутатын 17 облыс пен үш республикалық маңызы бар қаланың мәслихаттары алты жылға жанама түрде сайлайды. Олар бірден сайланбайды: үш жыл сайын әр облыс пен қаладан бір-бірден жиырмасы сайланады. Қалған 10 депутатты президент тағайындайды, олардың жартысын Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады.
## Тарихы
### Бірінші шақырылым (1996–1999)
Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуымен басталып, екінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 1999 жылғы 30 қарашада аяқталды.
1995 жылғы желтоқсанда болған сайлауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 40 депутаты Қазақстанның 19 облысынан және астанасынан 2 адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Президент тағайындады.
1995 жылы 2 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты, 1997 жылғы 8 қазанда Сенат депутаттарын 4 жылға сайлау болып өтті. Облыстардың оңтайландырылуы нәтижесінде республиканың 14 облысы мен Алматы қаласы бойынша сайлау тағайындалды.
1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына 15 депутат сайланды.
Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялануына байланысты 1998 жылғы 11 ақпанда Ақмола қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болып өтті.
### Екінші шақырылым (1999–2004)
Екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі оның 1999 жылғы 1 желтоқсанда бірінші сессиясының ашылуымен басталып, үшінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2004 жылғы 2 қарашада аяқталды.
1995 жылы 4 жылға сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты 1999 жылғы 17 қыркүйекте Сенат депутаттарын 6 жылға сайлау болып өтті.
1997 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес екінші сайланымда 2002 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
### Үшінші шақырылым (2004–2007)
Үшінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттіктері 2004 жылғы 3 қарашада оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, төртінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2007 жылғы 1 қыркүйекте аяқталды.
2005 жылғы желтоқсанда 1999 жылғы 17 қыркүйекте сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 2005 жылғы 19 тамызда Сенат депутаттарын сайлау болып өтті.
2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері конституциялық нормаларға сәйкес үшінші сайланымда жалғасты.
### Төртінші шақырылым (2007–2012)
Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2007 жылғы 2 қыркүйекте оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні 2012 жылғы 19 қаңтарда аяқталды.
2007 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2007 жылғы 29 тамызда ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тағы 8 депутаты тағайындалды.
2002 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттіктері төртінші сайланымда 2008 жылғы желтоқсанға дейін жалғасты.
2005 жылы сайланған және тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттіктері 2011 жылғы қыркүйекке дейін жалғасты.
2011 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайланатын жартысы бойынша кезекті сайлау өтті.
2011 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 7 депутаты тағайындалды, олардың өкілеттігі 2017 жылы аяқталады.
### Бесінші шақырылым (2012–2016)
Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2012 жылғы 20 қаңтарда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, алтыншы шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталуымен аяқталды.
Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сайланымында 2008 жылы және 2011 жылы сайланған, 2007 жылы және 2011 жылы тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес, жалғаса береді.
2013 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2007 жылғы тамызда тағайындалған Сенат депутатының өкілеттігі аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 8 депутаты тағайындалды.
2014 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті.
2014 жылы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2008 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі тоқтатылды.
### Алтыншы шақырылым (2016–2021)
Алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2016 жылғы 25 наурызда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталуымен аяқталды.
Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сайланымында 2011, 2014 жылдары сайланған, 2011, 2013 жылдары тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес, жалғаса береді.
2017 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы өтті.
2017 жылы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2011 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі 30 маусымда тоқтатылды.
2018 жылғы қазанда Шымкент қаласынан, республикалық маңызы бар қала ретінде, екі Сенат депутатының сайлауы өтті.
2020 жылғы 12 тамызда Сенат депутаттарының сайлауы өтті.
2020 жылғы сайланған депутаттарын тіркеуге байланысты 2014 жылғы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттігі 28 тамызда тоқтатылды.
### Жетінші шақырылым (2021–2023)
Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі 2021 жылғы 15 қаңтарда оның бірінші сессиясы ашылуымен басталып, сегізінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанға дейін жалғасады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымдағы 2017 және 2020 жылдары сайланған, 2017 және 2019 жылдары тағайындалған Сенат депутаттарының өкілеттігі, конституциялық нормаларға сәйкес жалғаса береді.
Республикада үш жаңа облыстың құрылуына байланысты осы облыстардан Сенат депутаттарының сайлауы белгіленді. 2022 жылғы 24 тамызда жаңа алты Сенат депутатының сайлауы өтті.
### Сегізінші шақырылым (2023–)
Жетінші шақырылым ерте таратылып, 2023 жылы жаңа парламент сайлауы жарияланды. Сегізінші сайланым Сенаты өз қызметін 2023 жылдың 29 наурызында бастады.
## Басшылығы
### Төраға
Сенат төрағасы — Сенаттың спикері, депутаттар арасында жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Сенат кандидатурасын Президент ұсынады.
### Төраға орынбасары
Сенат төрағасының екі орынбасары бар, олар Сенат жасаған бұйрықтардың орындалуын қадағалайды. Төраға орынбасарларын Сенат депутаттары сайлайды, кандидатурасын Төрағаның өзі ұсынады.
## Комитеттер
* Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті
* Қаржы және бюджет комитеті
* Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті
* Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті
* Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті
* Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті
## Талдау мектебі
2022 жылдан бастап Сенат жанында Талдау мектебі жұмыс атқарады.
## Дереккөздер |
Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896) — қазақтың ұлы күйші-композиторы. Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі.
## Өмірбаяны
Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орны – Астрахан облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер.
Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы болып табылады. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары. Құрманғазының әкесі Сағырбай (шын аты Дүйсенбай деген сөз бар) өнерге мойын бұра алмаған, шаруа адамы болыпты. Құрманғазының бесінші атасы Балтабай әулеті шетінен домбыраға тіл бітірген өнерпаз болса керек. Ал жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ аңызды, сөз дарыған адам екен. Күні бүгінге дейін ел ішінде «Ершінің еркегін қойып, әуелі әйелімен айтысып ал» деген сөз бар. Құрманғазының нағашы жұрты - Беріш руы. Ерлік пен еркіндікті дәстүр еткен елдің қызы, Құрманғазының анасы Алқа да келін болып түскенше даланың ерке желіндей еркін өciп, еркек - шора болып, ойын - тойдың шырайын келтірген. Кейін Игіліктың қызы Әуеске үйленгенде Құрманғазы үшін Беріш руы енді қайын жұрты болады.
Құрманғазының бала кезінен - ақ ең айтқыш тілі, ең сезімтал тілі қос ішекті домбыра көмейінен шығатын күй тілі еді. Сондықтан да, ол сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанды алғаш көpiп тыңдасымен-ақ домбырасынын тілін мен дінін түсініп, ұйып тыңдайды. Сондықтан да, өзінің замандастары Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін құныра тартып, сол күйлерден уақыттың ең шыншыл сырын ұғады. Ал Құрманғазының ұстазы - Ұзақ болатын.
1830 жылы Беріштен шыққан Исатай Тайманұлы және оның жан досы, дауылпаз ақын, дәулескер күйші Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгір-ханға шаруалар көтерілісінде Құрманғазы да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. 1857 жылы Құрманғазыны түрмеге отырғызады. Сібірге айдатайын деп жатқан жерден ол қашып құтылады. Екінші рет оны Орынбор түрмесіне қамайды, бірақ генерал-губернатор Перовскийдің қолдауымен құтқарылады. Түрме тақырыбына бірталай күй шығарады: «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Перовский маршы», «Не кричи, не шуми», «Машина».
1880 жылы Астрахан түбіндегі Сақмар елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы, Дина Кенжеқызы Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де Құрманғазыны ұстаз тұтқан.
Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсан сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған.
## Өмірінің тарихы мен тізбесі
* 1823 – қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген.
* 1836-1840 – малшылықты қойып, өнер соңына түседі. Күйші Ұзақтың жанына еріп, ел аралайды.
* 1830-1840 – композиторлық өрісі ашылып, ондаған күйлерін дүниеге әкеледі.
* 1845-1850 – Жем, Сағыз бойы мен Маңғыстау, Үстірт өңірлерін аралайды. Адай жеріндегі үлкен нағашылары Төремұрат пен Нарынбайлардың елінде өмір сүреді.
* 1850 – Маңғыстаудан келген соң, Орынбор түрмесіне қамалады. Көп ұзамай одан қашып шығады.
* 1857 – 26 қыркүйекте Орда түрмесіне түседі.
* 1857 – қараша айының басында абақтыдан қашады.
* 1857-1860 – басқа ауылдарда жасырынып жүреді.
* 1860-1863 – елге оралады.
* 1864 – абақтыдан қашып кеткені үшін және “мал ұрлады” деген айыппен Орда абақтысына жабылып, онда 2 жыл 7 ай жатады.
* 1868 – Журналист Н.Савичевпен кездеседі.
* 1868 – Орал түрмесіне түседі.
* 1870 – Астраханьнан шақырту келіп, қайтадан түрмеге жабылады.Онда Саранжап деген қалмақпен танысып, түрмеден қашып шығады.
* 1882 – Краснояр түрмесінде жатады.
* 1884 – билеуші Мақаш Бекмухаммедовтен көмек сұрап, “Ақ паспорт” алады.
* 1885-90 – Сахмаға көшіп келеді “Демалыс” деген күй шығарады.
* 1890-95 – жаймашуақ өмір кешіп, аң аулап, құс салады. Шәкірт тәрбиелейді.
* 1896 – Астрахань облысы, Володар ауданындағы “Алтынжар” деген жерде қайтыс болады.
## Шығармалары
Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол!», «Қайран шешем» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған.
Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты.
Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы.
Сол сияқты «Айжан-ай», «Айда бұлбұл, «Алатау», «Амандасар», «Бас Ақжелең», «Демалыс», «Лаушкен», «Ойбай, балам», «Саранжап»«Теріс қақпай», «Ұзак Ақжелең» күйлері кеңінен танымал.Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.
## Күйлерінің шығу тарихы
Құрманғазы күйшінің алғашқы шығармаларының бірі – “Кішкентай”. Бұл күй көтеріліс басшысы Исатайға арналған. Оның шығарған “Ақбай”, “Ақсақ киік”, “Көбік шашқан”, “Түрмеден қашқан”, “Адай” деген күйлерінде нұрлы болашақ, халық үміті, үстем тапқа деген ыза-кек шебер суреттеледі. Күйші “Сарыарқа” күйі арқылы туған жерді, кең байтақ даланы көз алдына келтіреді. Құрманғазы күйлері тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкетеді.Күйлерінің көпшілігінің тақырыбы бар, құрылымы жағынан бір жүйеге түскен ауқымды туындылар. Күйші домбыраның орындау əдістерін, аспаптың дыбыстық жəне техникалық бай мүмкіндіктерін мейлінше толық қолдана білген. Құрманғазы күйлерінің ерекшеліктеріне – күйдің шарықтау шегінің, яғни кіші саға мен үлкен сағаның жазыла түсуінің арқасында домбыра диапазоны толық игеріліп, күйдің өзіндік өлшемі мен ырғағы шығарманың өне бойында ауытқымай сақталып отырады. “Балбырауын”, “Ертең жетем”, “Бұқтым-бұқтым”, “Балқаймақ”, “Боз қаңғыр”, “Не кричи не шуми”, “Айжан-ай”, “Лаушкен” т. б. көптеген күйлері жайлы төменде толық анықтамалар беріледі:
* Қайран шешем
Ақбайдың шабармандары Құрманғазыны арбаға байлап жүргелі жатқанда шешесі Ақбаланы көреді. Əлпештеп өсірген анасына əлі күнге дейін қайырымды іс істемегеніне өкініп, енді тағы міне айдалып бара жатқанын ойлап, көзіне жас кеп, шешесінің қасына келеді. “Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?” – деп, жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы өзінің қателігін түсінеді. Орал түрмесінде жатқанда осының бəрін ойлап, шешесіне арнап “Қайран шешем” атты күйін шығарады. Күй күйшінің қапастағы халін баяндағандай баяу басталады да, бірте-бірте əсерленіп, шабыттана төгіледі.
* Қапы
Құрманғазы өштескен би оның соңына түсумен болады. Бір жиында домбыра тартып, Исатай, Махамбет толғауын айтып отырған Құрманғазыға “Сен Исатай Махамбеттің толғауын айттың”, деп кінə тағып күйшіні ұстатады. Міне, осы өкінішке байланысты “Қапы” деген күйін шығарған екен.
* Қош аман бол
Құрманғазы қапылыста ұсталып Орда түрмесіне жөнелтілейін деп тұрғанда “Қайтып көріскенше қош аман болыңдар, халқым” деп, “Қош аман бол” күйін тартыпты. “
* Қыз Данайдың қырғыны
1850 жылы Құрманғазы Жем өзенінің бойындағы Төремұрат, Өтен, Нарымбай ағаларымен барып қыз Данайды алып қайтады. Қыз соңынан шапқан қуғыншыларды Құрманғазы отауға жібермей келгенін қағып түсіріп, қорғап тұрады. Оның бұл батырлығына нағашылары риза болып, сый – құрмет жасайды. Шабыты шалқыған күйші осы қуанышқа арнап “Қыз Данайдың қырғыны” күйін шығарады. Құрманғазы күй арқылы ат тұяғының дүбірін, қиян-кескі ұрысты суреттейді. Арасында қыз Данайдың сұлулығын, сыңғырлаған күлкісін сазды дауыстармен бейнелей білген. Бұл күйдің шығуына байланысты Төремұрат ел жиып, мал сойып үлкен той жасайды.
* Қызыл қайың
Құрманғазы ен далада жалғыз өскен қызыл қайыңның бұтағын жамылып отырып, қуғыншылардан аман қалыпты, дейді. Кейін: “Менің елім де, жерім де, ағашым да пана екен. Анадай қамқор болып, жапырағымен жауып пана болған қызыл қайыңға арнап едім”, – деп осы күйді шығарған.
* Көбік шашқан
Каспий теңізі бір кезеңдерде деңгейі көтеріліп, жағадан шығып, тасып кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл әрбір дәуірлік мерзім сайын болып тұратын құбылыс көрінеді. Міне, сондай құбылыс ХІХ ғасырдың екінші жартысында да болған. Мұны ұлы сазгер Құрманғазы мен суырыпсалма ақын Қашаған өз көздерімен көрген. Құрманғазы бір келгенде Қашаған тап болып, екеуі тасып жатқан теңізді жағалай жүріпті. Бұл жөнінде бір суретшінің салған суреті де бар. Қашаған халықты қиналысқа ұшыратқан осы тасқын жөнінде «Топан» атты дастан шығарды. Ақын пәлсапалық ұғыммен табиғаттың қасіретті құбылысын адамзаттың имандылық, нәпсілік қасиеттерінің жоғалуымен байланыстырады. Соның жазасы деп түйіндейді.Ал Құрманғазы асып-тасып, көбіктеніп, толқып жатқан теңізді көріп, оның халыққа залалы тигеніне жаны қиналады. Оған Қашаған дастаны да қатты әсер етеді. Сөйтіп, жүрек сыздатар сазды «Көбік шашқан» күйі шыққан.
* Түрмеден қашқан
Кітаптағы деректер бойыша, Құрманғазы күйді түрмеден қашқаннан кейін, тынығып жатқанда жазады. Күйші жастайынан өз елінің тәуелсіздігі үшін күреседі және сол жолында талай рет түрме тұтқыны болады. Сондай кездің бірінде, күйшінің түрмедегі досы, Лавочкинге анасы тамағына болат араны жасырып әкеліп береді. Сонда Құрманғазы, өзін жақтайтын түрме жасақтарының көмегімен түрмеден қашып кетеді. Шаршап, демалуға отырған күйші шабыттаным, "Түрмеден қашқан" күйін шығарады.
## Сыртқы сілтемелер
* Құрманғазының ұрпақтары
* Күй құдіреті
## Дереккөздер |
Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев (1946 жылы туған) — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымының докторы, Төтенше және өкілетті елші, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (2007 - 2012)
## Биографиясы
1946 жылы туған. Дулат тайпасының Жаныс руының Байыс бөлімінен шыққан. Ленинград мемлекеттік мәдениет институтын, Қоғамдық ғылымдар академиясын (Мәскеу қаласы) бітірген.
* Институтты бітіргеннен кейін мамандығы бойынша Мәдениет министрлігі саласында жұмыс істеді. Мемлекеттік кинематография жөніндегі комитеттің, Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болды.
* 1991 жылы бастап дипломатиялық жұмыста — Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы өкілетті өкілі, Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші, Сыртқы істер министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елші, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы — Үкімет мүшесі болып тағайындалған.
* 2007 жылы Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарында Төтенше және Өкілетті Елшісі, және Қазақстан Республикасының Канадада Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы.
* 2007 жылы мамырдың 15 — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.
* «Назарбаев орталығы» көпсалалы ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры
* 27 тамыз 2015 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты
## Дереккөздер |
Сара Тастанбекқызы (1853; қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы - 1907) — айтыскер ақын, сазгер, халық ақыны, күйші, домбырашы. Найман тайпасының Матай руының Аталық Қаптағай бөлімінен шыққан.
## Өмірбаяны
Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.
Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.
Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде Найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінін өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған.
## Абай мен Сара ақынның кездесуі
Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсылармен бірге Сара да келіп ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.
## Біржан мен Сара
Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады.
## Өлеңдері
Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.
## Сара Тастанбекқызы бейіті
Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.
## Дереккөздер |
Қорықбаев Ілияс (1937, Батпақты ауылы, Ырғыз ауданы — 1994, Батпақты ауылы, Ырғыз ауданы) — жыршы.
## Өмірбаяны
* Ауылдық Кеңестің хатшысы
* почта байланысы бөлімінің бастығы
* кеңшар бухгалтері қызметтерін атқарған.
## Өнер жолы
Домбыра тартуды жездесі Зәкария жыраудан үйренген.
Құрманғазының «Ақсақ киік», «Адай», «Кісен ашқан», Тәттімбеттің «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», т.б. күйлерін домбырада тамаша орындаған.
Атақты Ақан сері Қорамсаұлының «Құлагер», «Маңмаңгер», «Балқадиша», «Жаяу Мұса», Байжанұлының «Ақ сиса», «Сұрша қыз», Біржан Қожағұлұлының «Айтбай», «Ғашығым» т.б. әндерін домбыраға қосылып шырқаған.
Ш. Қалдаяқовтың әндері мен Нұрхан Ахметбековтың «Есім Сері», «Жасауыл қырғыны», «Ұры қарға» поэмаларын және «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын»,"Қозы Көрпеш-Баян сұлу" эпостық жырларды жатқа айтқан.
## Дереккөздер |
Әбу Насыр Әл-Фараби (араб.: أبو نصر محمد الفارابي ; Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки; 870 – 950 ж. ш.) — әлемге әйгілі ойшыл, пәлсапашы, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Отырар қаласында туған.
## Оқу жолы
Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат шаһарларында білім алған.
## Шығармашылық жолы
Әбу Насыр Әл-Фараби — түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, “Әлемнің 2-ұстазы” атанған ғұлама. Оның заманы “Жібек жолы” бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Әбу Насыр Әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің “Метафизика”, “Категория”, “Бірінші және екінші аналитика” сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукал өзінің “Китаб Масалик уә мамалик” атты еңбегінде және 13 ғасырлырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің “Уфиат әл-аиан фи әл-Заман” атты еңбегінде Әбу Насыр Әл-Фарабидің арғы аталарының аттары (Тархан, Ұзлақ) таза түркі тілінде келтірілген. Болашақ ғалым алғашқы сауатын туған жерінде өз тілімен ашса да, 12 — 16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп Бағдатқа кетеді. Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келгенге дейін 126 жыл бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған болатын. Ол кез санасы ашық әрбір мұсылманға ислам діні ғылымымен шұғылдануды парыз еткен. Осы кезден бастап Әбу Насыр Әл-Фараби араб тілді ғалым болып есептеле бастады.
Қасиетті Құран Кәрім тек діни қағидалар жинағы ғана емес, сонымен қатар талай ілімнің құпия кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап болғандықтан, Әбу Насыр Әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған — иджтихад (ойлау қабілетінің шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджтахид (иджтихадпен шұғылданған адамның өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф — парыз-сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен. Кеңес өкіметі тұсында атеистік идеологиканың ықпалымен әл-Фараби діннен тыс ғалым ретінде көрсетілді. Әйтсе де оның ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы мынадай дерек сақталған. Тегі түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ислам жолын бұзған “қармат” елін талқандаған соң, Әбу Насыр Әл-Фарабимен кездеседі. Меккеге барар жолды кесіп “қажылық” жасауға мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуанған Әбу Насыр Әл-Фараби іштей “қажылық” етуге ниет етіп, араб халифының саид-задаларымен әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керек деген ой айтып, өзінің араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргендігін мәлімдейді. “Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз” деп Саид-задалар Әбу Наср Әл-Фарабидің қолын құрметпен қысады.
Әбу Наср Әл-Фарабидің жас кезінен Бағдатқа баруының мынадай екі сыры бар. Біріншіден, сол кездегі Бағдат халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болған. Екіншіден, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Бағдатта “Баит әл-хакма” атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Алғашқы кезде Әбу Наср Әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытып, одан соң ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен. Фарабидің алғашқы ұстаздары Иса пайғамбарды “құдайдың баласы” демей, “пайғамбар” деп таныған несториандық христиандар болған. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осылар еді. Әбу Наср Әл-Фараби дүниетанымы — екі әлемнің: көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Әбу Наср Әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.
Әбу Наср Әл-Фараби өзінің философия көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеді. Аристотель қағидаларынан өз дүниетанымына жақындарын қабылдады және оны осы тұрғыдан түсіндірді. Әбу Наср Әл-Фарабидің философиялық көзқарасын тарихи жағдайда, оның өз дәуірімен байланысты қарағанда ғана терең түсінуге болады. Орта ғасырларда философиялық ойдың дамуы діни ілім негіздеріне сүйенді. Демек, Әбу Наср Әл-Фарабидің философиялық ілімін де өз кезеңінің діни түсініктері тұрғысынан қарастырған лазым. Бірақ ол бұл түсініктерді философиялық тұрғыдан дамытты. Ол, әсіресе, “Аспан астындағы дүние” ілімінен неғұрлым айқын көрінеді. Бұл Аристотельдің жасампаз ақыл жөніндегі көзқарасын әрі қарай дамыту еді. Жасампаз ақыл — тек “аспан астындағы дүниенің” қозғалыс себебі ғана емес, өз алдына логос. Осы дүниенің заңдылығы — жер бетіндегі дүниеге іштей тән ақыл. Жеке адамның ақылы әлемдік санамен ұштасса ғана дамиды. Соңғысы, яғни әлемдік сана — мәңгі. Адам болса дүние салады, өткінші. Осыдан барып жанның мәңгі екенін және басқа жаққа ұшып кетуін бекерге шығару туады, мұның өзі діни қағидалар мен философияның арасындағы күреске тиек болған тезис еді. Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалар күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. Осы деңгейде дұрыс ойланып, оңды әрекеттену үшін философияның 9 қағидасын оқып-білу қажеттігін ескертеді.
Мұндағы мақсат — тұтастықты, ақиқатты, ізгілікті, жаңа игілік көздерін іздестіру, соған қол жеткізу. Философ адамды өз болмысын өзі танып білуге тәрбиелеу ісіне үлкен мән берді. Бұл мәселені логикалық, этикалық, педогогикалық, тілдік тұрғыдан кеңінен саралап, бұларды бір-бірімен өзара сабақтастықта қарастырады. Рухани жоғарғы мақсат нышандарын адамдарды өзара байланыстыратын бастаулардан — жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздестіреді. “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері” және т.б. саяси-әлеуметтік трактаттарында қайырымдылық пен бақыт мәселесіне кеңірек тоқталды. Қайырымдылық дегенде ақыл-ой, әділдік, бақыт және теңдік идеяларын құптаған ежелгі ойшылдар дәстүріне сүйенді. Тек бақыт туралы нақты білімі бар, оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес әрекет жасайтын қауым ғана қайырымдылыққа икемді екенін ескертті.
Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді.
Әбу Наср Әл-Фараби ілімі шығыс ойшылдарына, аристотельдік және жаңа платоншылдық көзқарастарға сүйенеді, оларға жаңа сипат береді. Ол өзінің “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” атты еңбегінде Аристотелдің философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірлерін ортаға салады.
Аристотельдің “Никомахтың этикасында” (1-кітап, §1) келтірілген схемасын негізге ала отырып, әл-Фараби философияны теориялық және практикалық деп екіге бөледі. Теориялық философия өзгермейтін, өткінші емес заттарды, практикалық философия өзгертуге немесе жасауға болатын заттарды зерттейді. Философия, Әбу Наср Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік — ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса, солай бет-алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Оның негізін логика өнері қарастыратын ойлаудың дұрыс әдістері құрады. Әбу Наср Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, адам өзінің бақытқа жету жолын логикадан бастаған жөн.
Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды.
Әбу Наср Әл-Фарабидің азаматтық, саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары “Фусул ал-мадани” (“Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері”) трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әр түрлі болса да, негізінен бір мақсатқа — адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты — тәндік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы.
Фараби «Азаматтық саясатта» қоғамды талдауды қаладан бастаса, “Нақыл сөздерде...” ол мұны ең кішкене ұядан, от басынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлекке — ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі.Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз.
Әбу Наср Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады.Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал Әбу Наср Әл-Фараби, керісінше, тіршілік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада ол дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше дін философияға ұқсас: екеуі де жоғары принциптерге, бір заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.
Әбу Наср Әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. “Ғылымдар тізбегі” деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі:
* тіл білімі және оның тараулары;
* логика және оның тараулары;
* математика және оның тараулары;
* физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары;
* азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.
Ғалым бұл ғылымдардың бәрінің пәнін анықтап, қысқаша мазмұнына тоқталады.
Әбу Наср Әл-Фараби математик ретінде өзара тығыз байланысты үш салада еңбек еткен. Олар: 1) математиканың методол. мәселелері (математикалық ғылымының пәні, негізгі ұғымдары мен әдістерінің шығу тегі), 2) математикалық жаратылыстану, 3) математиканың кейбір нақты тарауларын жасауға қатысуы. Әбу Наср Әл-Фараби математиканы жеті тарауға бөледі (арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка, статика, механика — әдіс айла жөніндегі ғылым). Ол — алгебраны математиканың дербес бір саласы ретінде қарастырып, алгебра пәнін алғаш анықтаған оқымыстылардың бірі. Осыған байланысты Әбу Наср Әл-Фараби сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту туралы аса маңызды идея ұсынды.
“Ғылымдардың шығуы” деп аталатын трактатында математиканың шығу тегі мен себептерін ашуға тырысады. “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме” деп аталатын еңбегінде матем-ның методол. мәселелері жөнінде құнды-құнды пікірлер айтқан. Ол ұзақ уақыт мінсіз, мүлтіксіз саналып келген Евклид “Негіздерін” сынауға, өңдеуге, түзетуге болатынын іс жүзінде көрсетіп, математиктерге дұрыс жол сілтеген. Әбу Наср Әл-Фараби математиканың философия ірге тасын қаласумен қатар, оны табиғат құбылыстарын зерттеуге батыл қолданудың қажеттігін іс жүзінде танытты. Әбу Наср Әл-Фараби пікірінше, математика анық,ақиқат білімді береді және басқа ғылымдардың дамуына күшті ықпал жасайды. “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын еңбегінде ол ғылыми астрологияны астрономиядан бөліп қарап, Аристотельдің логикалық шығармаларында айтылған қағидалар мен жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, белгісіз, кездейсоқ құбылыстарды алдын ала болжауға болатынын немесе болмайтынын ажыратуға тырысады.Әбу Наср Әл-Фарабидің бұл пікірлерінің кейіннен ықтималдар теориясының философия, логикалық негіздерін қалыптастыруда маңызы зор болды. Ол математикалық, жаратылыстану саласында ірі еңбектер жазған. Әбу Наср Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы математигі және астрономы Птолемейдің “Алмагесіне” көлемді түсініктеме жазған. Бұл еңбек “Алмагеске түсініктеме” деген атаумен белгілі. Астрономия және математикалық тарихында үлкен маңызы болған Әбу Наср Әл-Фарабидың бұл трактаты тригонометрияны дамытуға да игі ықпал жасады. Ол өзіне дейінгі және тұстас математиктердің еңбектеріне сүйене отырып, тригонометрия сызықтар жөнінде өз ілімін жасады. Мұндағы негізгі бір жаңалық Әбу Наср Әл-Фараби синус, косинус, синус-ферзус, тангенс, котангенс сызықтарын бірыңғай радиусы тұрақты шеңбер ішінде қарастырды. Олардың арасындағы бірсыпыра қатынастарды ашты, кейбір қарапайым қасиеттерін айқындады. Ол тригонометрияның кестелер жасауда аса қажет болып табылатын бір градус доғаның синусы мен косинусын анықтауда елеулі табыстарға жеткен. Әбу Наср Әл-Фараби осы айтылған тригонометрия мағлұматтарға және басқа да қосымша математика материалдарға сүйене отырып, “Алмагесте” қарастырылған астрономия және география мәселелерін математика жолмен шешудің ең жеңіл әдістерін ұсынады. “Геометриялық фигуралардың егжей-тегжейі жөнінде табиғи сырлары мен рухани әдіс-айлалар кітабы” геометрия салу есептерін сұрыптап, бір жүйеге келтірген. Жүзден аса есептің салу әдістері көрсетілген. Бұлардың ішінде: парабола салу, бұрышты трисекциялау, кубты екі еселеу, дұрыс көп бұрыштар салу, көп жақтар салу, жазық фигураларды түрлендіру т.б. бар. Әбу Наср Әл-Фараби адымы тұрақты циркуль мен бір жақты сызғыш жәрдемімен шешілетін есептерді мол қарастырды. Осы еңбекте 3, 4, 5 т.б., яғни өлшемді куб салу есебін ойша қалай шешу идеясы бар, оның “Болжамдағы геометрияға кіріспе” атты трактат жазғаны мәлім, бірақ ол еңбегі бізге жетпеген. Осыған қарағанда Әбу Наср Әл-Фараби көп өлшемді абстракция геометрияның идеясын алғаш айтушылардың бірі деп жорамалдауға негіз бар. Әбу Наср Әл-Фарабидің трактатын математикалық тарихшылары осы уақытқа дейін атақты Хорасан математигі Әбу-л-Уафаға теліп келгені анықталды. Әбу Наср Әл-Фараби арифметикалық саласында “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе” деп аталатын еңбек жазған. Оның көптеген логикалық еңбектерінде математикалық логиканың элементтері де кездеседі. Әбу Наср Әл-Фарабидің математикалық идеяларын, мұраларын Әбу-л-Уафа, Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Омар һайям сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи тәрізді Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
Физика саласындағы Әбу Наср Әл-Фарабидің көрнекті еңбегі “Вакуум туралы” деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан. Әбу Наср Әл-Фараби бұл еңбегінде вакуум мәселесінен басқа да физиканың әр түрлі мәселелерін қарастырып, сол кездегі ғылымның дәрежесіне сай өз шешімдерін дұрыс тапқан (дененің жылудан ұлғаюы не кішіреюі, түсірілген кернеуге, қысымға байланысты ауа көлемінің ұлғаю немесе кішірею заңдылықтары, ауаға түсірілген кернеудің берілуі, т.б.).
“Алхимия өнерінің қажеттігі туралы” атты трактатында өз тұсындағы алхимиялық білімдерді талдап, алхимияның жалған қабыршағынан ғылыми дәнін бөліп алып, оны белгілі бір зерттеу пәні бар жаратылыстану ғылымының бір саласы ретінде қарастырады.
Әбу Наср Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы” т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады. Әбу Наср Әл-Фарабидің философия және натурфилософия еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады.
Астрономида күн апогейі орнының тұрақты болмайтынын өз тәжірибесі арқылы бақылап анықтаған. Сәуленің таралуын геометрия оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береді. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Наср Әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып “фокус” атаған. Мұны Әбу Наср Әл-Фараби сегіз ғасыр бұрын “күйдіру”, “оттық орын” мәнінен шығарып “мұхарақ” атаған. Ол және өз қолымен ойыс айна, яғни парабола, линза жасап, бұларын ғылымда қолданған да болатын.
Әбу Наср Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы астрономы Клавдий Птоломейдің еңбектерін түсіндіре, кемелдендіре отырып, өз тарапынан да теориялық (математикалық), практикалық мәні зор қорытындылар жасап, соны идеялар, пікірлер айтады. Мысалы, ол тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтуін бақылайды, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын трактатында ғұлама ғылыми астрономияны, жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы т.б. көрінерлік қасиеттеріне сүйеніп, жер бетіндегі оқиғалардың, адам өмірінің болашағын алдын-ала болжауға болады дейтін дүдәмал, күмәнді ғылымсымақты астрологиядан бөліп қарайды.
Ғұламаның ғылыми-философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол — шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты.
Жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін үш нәрсенің ерекшелігін жүйелеп, дәйектеп алу шарт:
* Баланың ішкі ынта-ықыласы, құмарлығы;
* Ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы;
* Сабақ процесінің алатын орны.
Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берді.
Әбу Наср Әл-Фараби. өзінің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді.
Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжрымыдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол [адам] баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қортындының басты түйіні — білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол өмір шындығының өзіне тән қасиеті, болмыстың, нақты құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік — тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.
## Әмбебап-музыкант
Әбу Наср Әл-Фараби әмбебап музыкант та болған. Саз аспаптарында ойнап, ән салған, өз жанынан ән, күй шығарған. “Музыканың ұлы кітабы” — ғұламаның әрі музыка жайында, әрі физика-математика жайында жазған тарихи үлкен туындысы. Мұнда музыкалық акустика мәселелері барынша кең қамтылып, дыбыстың табиғаты, тегі, таралуы т.б. жайында көптеген дұрыс, соны пікірлер айтылған. Музыканың тәжірибелік (эксперименттік) және теориялық (математикалық) негіздерін жасап, физика-математикалық заңдылықтардың белгілі музыка аспаптарда қалай жүзеге асу жолдарын көрсетеді. Әбу Наср Әл-Фараби ғылми танымның жалпы (универсал) теориялық үш шартын анықтап, соның негізінде музыка теориясын жаңадан қалыптастырды. Ол шарттар: біріншіден, ғылымның барлық түпкі негіздерін — принциптерін білу; екіншіден, осы принциптерден сол ғылымға жататын қажетті қорытындыларды, нәтижелерді шығара білу; үшіншіден, осы ғылым жайлы бұрын-соңды айтылмаған ой-пікірлерді талдай білу, дұрысын терісінен ажыратып, қателерін түзете білу. Музыканың математика теориясын жасау жолында Әбу Наср Әл-Фараби математиканың көптеген түбегейлі мәселелерін қамтиды. Олар: қатынастар теориясы, комбинаторикалық талдау мәселелері, функционалдық тәуелділіктер және оны кескіндеу, аксиоматика идеясы т.б.
## Әл-Фараби мен Абай
Абайдың Фараби еңбектерімен таныстығы жөнінде нақтылы мәліметтер жоқ. Дегенмен Сағдидық: «... философияға, даналыққа зор мән берген Абай әл-Фараби, ибн Синалармен таныс болуымен бірге осы ғақпиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді» (Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейі. Инв. №172, 17-6.), - деп айтылған пікірі Абайдың Фараби еңбектерімен таныс болғандығын анықтай түседі. Абай өз шығармаларында нәр татқан рухани бұлақтар төркінін жасырмайды, ол қайта: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім..,» - деп ескертуінде мәні терең сыр жатыр. Фараби мен Абай шығармаларындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр алған рухани көздерінің түп-төркінін қарастырғанда, алдымен екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен айтқанда «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудару қажет.
Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін танымақтың» немесе «жан қуаты» туралы ойлардың қалыптасу жолдарын танып білу күрделі мәселеге айналып, бастан-аяқ қарама-қарсы көзқарастардың өріс алуына түрткі болды. Адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегі ерекше көзге түседі. Жалпы «жан қуаты» немесе «өзін танымақтық» жайлы күрделі ой сарасына қазақ топырағында арғы заманда Фараби, соңғы дәуірде Абайға терең барлап барған. Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі жан қуаты жайлы ой толғануында «жан құмары», «жанның жибили қуаты», «жан қуаты», «жанның азығы» т. б. осы іспеттес философиялық сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат-бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сиғызбайды» - деп, айрықша ескертуінің өзіндік себептері бар. Бұл тұжырымынан ақынның «өзін танымақтығы» жөніндегі ілімнің тарихымен толық таныстығы анық байқалып, өз тарапынан ойларын кең түрде тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған өкініші де сезіледі. Жан қуаты жөнінде Фараби қолданған филос. терминдер Абайдың өлеңдері мен Жетінші, Он жетінші, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші қарасөздерінде сол түпнұсқадағы қапыға немесе қазақы ұғымға сай балама сөздермен беріледі. Ақынның Он төртінші, Он жетінші қарасөзі мен «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек...», «Көзінен басқа ойы жоқ...», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа...», «Алла деген сөз жеңіл...», «Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі асыл тас...» өлеңдерінде арнайы сөз болып, талқыланатын ақыл, қайрат, жүрек жайлы филос. мағынадағы ойларының бастау алар көзі Фараби еңбектерінде жатыр.
Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларын «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Адам жанына (интеллект), оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне (хауас) талдау бергенде жүрекке үнемі шешуші мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отырады. Жалпы жан қуаты жөніндегі танымға булай қарау мешаиын (перепатетиктер) мектебіндегілерге тән құбылыс. Бұл жөнінде Фараби мен Абайдың ой қорытулары сабақтас, өзара іліктес келеді. Фараби «Жүрек - басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» (әл - Фараби. Философиялық трактаттар. -А. , 1973, 289-6.), - деп, жүрекке шешуші мән бере қараса, Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім депті. Бірақ, сонда билеуші жүрек болса жарайды» деген тұжырымға келеді. Бұдан екі ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі танымдарының негізі бір екені, тек баяндау түрі басқаша берілгені көрінеді. Ақын Фараби ұйғарысындай жүрекке шешуші мән-мағына берумен қатар, оны ізгілік, рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар мекені деп біледі. Ойшыл-ақын көп көңіл бөлген мораль философиясы да осы танымға негізделген. Абай туындыларының өн бойына таралып отыратын адамгершілік, имандылық ойларының бәрі де осы көзқараспен ұштасады. Ақынның «хауас», «үш құю» (имани гүл), «жә уан мәрелік», «әділет», «шапағат» жайлы ой толғаныстарының желісі де осы таным шеңберіндегі ұғымдар. Бұлар Фарабидің жоғарыда аталған еңбегіндегі адамның жеке басының ең кемелденген (камили инсани) үлгі-өнегесі жайлы арналы танымының негізіне саяды. Осы Фараби дәстүрінің жалғасы Абайдың «толық адам» жөніндегі ой-пікірінен айқын сезіледі. Абайда жиі сөз болатын «толық адам», «жарым адам», «адам болу», «инсаниаттың кәмаләттығы», «бенделіктің кәмаләттығы», «толық инсаниат», «адамшылық», «адамның адамдығы», «адам болу» т. б. атаулық мәні бар ұғымдар, сөздер тобы, ол жайлы пікірлердің шығар көзі Фараби еңбектеріндегі ой желісінен туындайды. Фараби «Табиғат ғылымдарының негіздері» (космогония) жайлы еңбегінде жалпы хакасқа, әсіресе, оның хауаси хамса заһири деп аталатын сыртқы сезім мүшелеріне ерекше назар аударған. Фарабидің қоршаған орта болмысының сырын тануда басты орын алатын сезім мүшелері - хауаси хамса жайлы филос. ұғымдары Абайдың Жиырма жетінші, Отыз сегізінші қарасөзі мен «Алла деген сез жеңіл» өлеңінде сол түпнұсқадағы қалпында берілген. Ақынның «Жансыз жаратқандарынан пайда алатын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатын ақылды инсанды (адамды) жаратыпты» деген тұжырымы дүниенің жаралуы жайлы Фарабидің тәңірі әуелі жансыз дүниені, өсімдіктерді, жан-жануарларды, содан соң ақыл иесі адамдарды жаратқан дейтін сатылы танымынан туындайды. Бұл таным Фараби көзқарасының әлсіз жері болса, Абай танымының да осал жағы болып табылады. Ойшыл ақын өз шығармаларында Фараби дәстүрімен хауаси хамса заһириге ерекше мән береді. Ақыл, сана дегеніміз бізді қоршаған өмір шындығының сыртқы бес сезім арқылы, яғни, танымның жибили қуаты мен адамның санасында сәулеленуінен пайда болатын рухани құбылыс деп таниды. Абайдың ақыл мен сананың пайда болуы туралы дүниетанымының негізі Фарабидің «Ақыл дегеніміз тәжірибеден басқа ешнәрсе де емес» (әл-Фараби. Философиялық трактаттар, 295-6.) деген ой желісімен өзектес келеді. Фараби жан қуатын қозғалдыратын қуат және танып білетін қуат деп екіге бөліп, адам бойындағы танып білетін қуатты ішкі және сыртқы жан қуаты ретінде қарастырады. Фарабидің бұл танымы Абайдың шығармашылығында сол тұрғыдан психол. ұғымдардың баламасы ретінде сөз етіледі. Ақынның қарасөздерінде адамның сыртқы бес мүшесі мен ішкі сезім мүшелері бірлікте алынып, хауас ретінде түсіндіріледі. Абайдың хауас үғымы - көбінесе, бейнелеу қағидасымен (ахси жиһан) ұштасатындықтан, Қырық үшінші сөзінде адам бойындағы жан қуаты жөніндегі Фараби танымдарымен іштей сабақтасып жатады. Ақынның «адамды танымақтық» деп өз алдына сараланатын ұғымдары Фарабидің жан туралы ойларымен өзектес келеді. Фарабидің адамның дүниені танып білу қуатына (әл-қуат алмутехаййла) ерекше мән бере қараған, негізгі ой желілері Абайда арнайы сөз болатын хауас, хауаси хамса заһири, хауас сәлем ұғымдарынан көрініс тапқан. Фараби жан қуаты жөнінде өзіндік соны ойлар желісін таратқанда, оларды өсімдік жаны, хайуан жаны, адам жаны деп үшке жіктеп, таным процесін адам жанына тән тума қасиет ретінде қарастырады. Осындай тұжырымдар Абайдың Жетінші, Он тоғызыншы, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші сөздерінде ұшырасады. Жетінші сөзінде «жанның тамағы» жайында тоқтала келіп, Абай: «... өрістетіп, өрісімізді ұзартып құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп, оны жан құмары арқылы дамитын сезім тұрғысында түсіндіреді. Жиырма жетінші сөзінде хайуан мен адам арасындағы ерекшелікті олардың дүние тану үрдісіне қарай жіктеп, «... Һәмма мақлұққа да қара, өзіңе де қара, жаңды бәрімізде де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, Һәм осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ» деп тану қабілетінің адамда зор сапалық ерекшелікте болатынын атап өтеді. Ақын Фарабидің түсіндіргеніңдей жан құмары, жан қуаты деген қасиеттер тек адамға ғана тән нәрселер деп таныған.
Фараби заманында мұсылман қауымының ой санасында бүкіл болмысты, ондағы сан түрлі құбылыстың бәрін мүтекәллимиңдік негізде түсіндіретін жаңа бағыт қалыптасты. Мүтәкәллиминдердің танымындағы түбірлі қателігін аяусыз сынаған Фарабидің сыншыл ойын Абай панисламизм идеясы қанат жайған тұста одан әрі дамыта түсті. Ақынның Фараби сынаған мүтәкәллиминді: «Ақыл мен хауас барлығын, Білмей дүр жүрек, сезе дүр, Мүтәкәллимин, мантикин, Бекер босқа езе дүр..,» - деп, түбегейлі әшкерелеп терістеуінде терең таным сыры жатыр. Абай арнайы көтеріп отырған хауас жайындағы ұғымы ақын шығармаларында «хауаси хамса заһири», «хауас сәлем», «хауас»деген үш түрлі мағына даушы растады. «Алла деген сөз жеңіл» өлеңіңде мүтәкәллиминдер мен логиктердің хауасты түсіндірудегі пайымдауларын әшкерелей терістеуі ақынның әлеум. ортасындағы батып сыншылдық бағьггты танытты. Абайдың дүниетанымындағы ерекше назар аударар нәрсе ақынның Фараби түзген ғылымды классификациялау принципі мен таныс болуы. Ақынның Фараби жасаған ғылымды жүйелеудегі принципімен таныстығы жеңілде нақтылы дерек жоқ. Дегенмен де, Абай шығармаларында ғылымды жүйелеу жөніндегі пікірін белгілі бір дәрежеде нақтылы деректермен білдіреді. Мәселен, Қырық бірінші сөзінде. «... дүниеде есепсіз ғылымның жолдары, бар, сол әрбір жолда бір медресе бар...», - деп, ғылым салаларының молдығын, нақтылы атауларын жеке-жеке атап өтеді. Ақынның Отыз сегізінші сөзінде ғылым салаларын біршама жүйелеу принципі ұшырасады. Ғалым, хакімдер туралы пікір қозғағанда:«... адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ бірлән батылдықты айырмақты үйреткендігі...» - деп, қоғамдық ғылымдарды өз алдына дербес топтастырады. Абай Отыз сегізінші сөзіндегі «адамның білімі», «алланың ғылымы», «өзіндік ғылым», «дүниенің ғылымы», «заһири ғылым», «дүниені танымақтық» тәрізді ғылым салаларын Фарабидің филос. тұжырымдарында қолданылатын атау сөздермен не қазақы ұғымға сай балама түрдегі атаумен қарастырады.
## Ғалым мұралары жету кезеңдері
Ғалым мұраларының бізге жетуін төрт кезеңге бөлуге болады:
* Орта ғасырдағы араб, парсы және басқа тілдерде жазған ғұламалар арқылы (Ән-Надим, әл-Баиһақи, Ибн Саид әл-Кифти, Хаджи Халифа, Венике, Камерариус т.б.);
* Жаңа дәуір кезеңдеріндегі Батыс Еуропа мен Америка ғалымдары арқылы (Леонардо да Винчи, Спиноза, И.Г.Л. Козегартен, Г. Зутер, Ф. Диетереци, К. Брокель, Дж. Сартон, М. Штейншнейдер, Д. С. Марголиус, т.б.);
* 20 ғасыр, әсіресе Кеңес Одағы шығыстанушы ғалымдары арқылы (В. В. Бартольд, Е. Э. Бертельс, Б. Ғафуров, С. Н. Григорьян, В. П. Зубов, А. Сагадеев, Ю. Завадовский, түріктер А. Сайылы, Х. Үлкен т.б.);
* Қазақстан мен Орта Азия оқымыстылары арқылы (Ә. Марғұлан, А. әл-Машани, О. Жәутіков, А. Қасымжанов, А. Көбесов, М. Бурабаев, Ә. Дербісәлиев, І. Жарықбаев, Ш. Хайруллаев т.б.).
Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі 20 ғасырлардың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымдары Ақжан әл-Машани (Машанов) мен Қаныш Сәтбаев еді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай шығарылған ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өткізілді.
Бұл күндері ҚР ҒМ Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның қазірге дейін қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылып, 20-дан астам трактаттары жарық көрді. Бұл бөлім Әбу Насыр Әл-Фарабидің диалектикасы, гносеологиясы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. ҚазМУ-де Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде.
## Әбу-Насыр әл-Фарабидің шәкірттері
Фараби өз тұсында да, өзінен кейінде халық арасында кеңінен белгілі болған. Фарабиді Шығыс пен Батыстың көп ғалымдары өздеріне ұстаз тұтып, оның еңбектерінен үлкен өнеге, ғибрат, тәлім-тәрбие алған.
* Әбу Әли Құсайын Ибн-Абдолла ибн-Сина (Авиценна) — медицина ғылымының атасы, Орта Азия атырабынан шыққан, ғылым мен мәдениеттің дамуына үлкен ықпал еткен ірі тұлға.
* Омар Ибн-Ибрагим Әл-Хайям (1048-1130) — Фараби мен ибн-Синаның мұраларын игеріп ілгері дамытушы. Ойшыл ақын, терең философ, асқан математик.
* Ұлықбек Ибн Шахрух (1394-1447) — аса ірі мемлекет қайраткері, астроном, математик, ертедегі грек ғалымдары мен Орта Азияның көрнекті оқымыстыларының негізгі еңбектерін жетік білуші ғалым.
## Дереккөздер
## Сілтемелер
* А.Касымжанов. Абу-Наср аль-Фараби кітабы
* Р.С.Каренов. Əбу Насыр əл-Фараби: өмірі, шығармалары, жаһандық ғылым мен мəдениетке қосқан үлесі
* Шығармалары Adebiportal.kz сайтында |
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801—1845) — Кіші жүздің Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты Жиһангер.
## Өмірбаяны
Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкеніне берілетін, бірақ оның сыртта (Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде) оқып жүруіне байланысты, ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.
Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.
Ішкі Орданың іргесі бекіп, ішкі әлеуметтік — шаруашылық жағдайы қалыптасып, нығайған тұсы 1823 — 1845 жылдары Жәңгір хан басқарған кезең болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу, орыс, татар, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген Жәңгір Ресей үкіметінің көптеген наградаларымен марапатталып, алтын тәжбен безендірілген I дәрежелі Әулие Анна орденінің кавалері атанып, генерал — майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы.
Жәңгір 1824 жылдың күзінде Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы Фатимаға үйленеді. Фатима европаша білім алған, тілдерді жетік меңгерген, би, музыкаға жақын болатын.
1826 жылы хан Жәңгір жұбайы Фатима ханшамен Орыс патшасы Николай I-нің таққа отыру рәсіміне шақырылады. Мәскеу қаласында өткен салтанатта Фатиманың білімділігі мен мәдениеттілігіне орыс интеллигенциясы, Фатиманы биге шақырған Николай патшаның өзі де, оның орысша таза сөйлеп, билегеніне тәнті болады.
1827 жылы Жәңгір хан патшаға ерекше шеберлікпен жасалған киіз үй сыйға тартады. 1829 жылы императрица Александра Федоровна Фатима ханшаға бразилия топаздарымен безендірілген алтын диадема, тарақ және сырға сыйлайды.
Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.
Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі Мұхаммед-Салық Бабажанов бұл ретте былай деп жазады: …ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда.
Кезінде Жәңгірдің өзі де Қазан университетінің кітапханасына араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған маңызды қолжазбаларды сыйға тартады. Оның ағартушылықты таратуға деген еңбегін құрметтеп, 1844 жылы университеттің ғылыми кеңесі Жәңгірді «Қазан университетінің құрметті мүшесі» етіп сайлайды. Жәңгір орыс басылымдарын, газет-журналдар, әртүрлі кітаптар алдырып, бай кітапхана қорын жинақтаған. Оның үйіндегі жеке кітапханасында «Северная пчела», «Отечественные записки», «Современник» басылымдары, Шинкелдің «Архитектура XIX ст.», Гогольдің «Мертвые души» кітаптары болған.
Жәңгір хан бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.
Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.
## Дереккөздер |
Наурыз — Григориан күнтізбесіндегі үшінші айы. Наурызда 31 күн. Солтүстік жарты шарында Наурыз айында көктем басталады.
## Этимологиясы
Наурыз, март (парсыша «нау» (жаңа) және «рыз» (күн) – Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Ол – күнтізбелік жылдың үшінші айы (31 тәулік), көктемнің басы. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан – жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деген.
## Тарих
Наурыз — түркі тайпаларының мүшел есебі бойынша жыл басы саналатын бірінші ай, ойын-сауық және наурызкөже жасау мерекесі. Бұл күні қазақтарда наурыз жырын айтып, наурыз мерекесін өткізеді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қүрылған Кеңес өкіметі бұл мерекені діни кертартпа рәсім деп тауып, 1926 жылдан ресми тойлауға тыйым салды. Тек елімізде демократиялық ағым бел ала бастаған 1988 жылдан бүкілхалықтық мейрам ретінде атап өтілетін болды. Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хүзағи» деп аталған заманға дейін апарып: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың Ұлы күні» дейді екен», - деп жазады. Ақын Наурыз тойын дінге жанастырмай, кектем мерекесі екенін ашық жазады да, «Ұлыстың Ұлы күні» деген сөздің өз заманында алғашқы мәнін өзгертіп, Құрбан айтқа байланысты айтыла бастағанын ескертеді.
## Қосымша ақпарат
## Дереккөздер
http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=52851 Мұрағатталған 24 қыркүйектің 2015 жылы.
## Тағы қараңыз
* Қазақ күнтізбесі
* Григориан күнтізбесі
* Наурыз мейрамы |
Менің Қазақстаным сөйлемі мынадай мағыналарға жатуға мүмкін:
* Менің Қазақстаным (ән)
* Менің Қазақстаным (әнұран)
* Менің Қазақстаным (қозғалыс) |
Тайыр хан — (1523—1533) билік құрған Қазақ Ордасының билеушісі.
Тайыр хан ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен: Шайбани әулетімен, Ноғай ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып Моғолстан ханына қарсы қырғыздармен одақ жасасты. 1527 жылдан кейін ол көбінесе қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуылына қарсы күресті. Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті.
Тайыр ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533-1534 жж.) қазақ-қырғыз бірлестігінің басшысы болды.
## Дереккөздер |
Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы — мемлекет басшысының жоғары лауазымдық белгілерінің бірі.
ҚР Президентінің 1995 ж. 29 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы және оның айырым белгілерінің ресми пайдаланылуы тәртібі туралы» Жарлығына сәйкес ресми айырым белгілері мен орналасатын жерлері белгіленді.
Ол көгілдір түсті (мемлекеттік тумен түстес), тікбұрыш нысанындағы ені мен ұзындығы үштен екіге сәйкес келетін кездеме.
Ортасында қанатты барыстың үстінде оң қолын жоғары көтеріп отырған сақ дәуірінің жас көсемі алтын шеңбер ішінде бейнеленген.
Кездеме үш жағынан алтын шашақпен көмкерілген.
Сабына ҚР Президентінің мемлекеттік тілде тегі, есімі мен әкесінің аты және сайланған уақыты өрнектеліп жазылған күміс тақтайша бекітіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы үнемі Елбасының жанында болады және шет елге сапарға шыққанда бірге алып жүреді. |
Ғұндар — көшпелі халық. Ғұндар тәңіршілдік дінді ұстанып, түркі жазуын пайдаланған. Сөйлеу тілі де түркі тілі болған.Шығыста Мөде «шығыс қу» тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда, Керулен және Онон алқаптарында мекендеген сәнби және ұқуан тайпалары кірген. Мөде батыста юеди (юечжи) тайпаларына қарсы жорықтар жасаған. Бұл кезде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ ғұн шаңюйлерінің қол астына түскен, ал солтүстікте ғұн конфедерациясына біріккен тайпалар Байкөлден арғы оңтүстік аудандарға дейінгі аумақты алып жатты.Деректемелерде ғұндардың Саян-Алтай тайпаларына жасаған жорықтары туралы да айтылады. Шежіреші б.з.б. 201 жылы сүннулердің солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай жорығын жалғастырып, Қуңюй, Түсүйше, Динлин, Гекүң және Сіңлі елдерін бағындырғанын хабарлайды. Мәтінде берілген түсініктемеде әлгі айтылған бес елдің сүннулердің солтүстік жағында жатқаны айтылады, ол батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле алқабына дейін созылып жатса керек.Б.з.б. 201 жылғы жорық кезінде ғұндар Алтай тайпаларын түгелдей дерлік бағындырған, бірақ олар бұл аумақты толық қол астына қаратқан жоқ. Қалай дегенмен де, сол кезде осылай болғанын жазбаша деректемелер де, археологиялық материалдар да көрсете алмады.
Одан кейінгі онжылдықтарда ғұн тайпаларының күшеюіне қоса олар батыста да қызу кимыл көрсете бастайды. Б.з.б. 177 жылы Мөде көршілеріне қарсы өз бетімен қимыл жасады деген сылтаумен өзінің батыстағы түктерін (кінәздерін) юедилерге қарсы жорыққа аттандырады. Ғұндардың атты әскерлері Жаңие-Гәңжоу ауданы маңында юедилерді жеңіліске ұшыратып, сонымен бірге ғұндардың қалыптасып жатқан бірлестігінің шет аймағындағы бірнеше үлесті бағындырған. Келесі жылғы жазда бұл жөнінде шаңюй былай деген: «Аспанның рақымымен жауынгерлер аман, ал аттар мықты шықты: олар юедилерді жойып, жуасытты; семсердің ұшына іліп немесе бағындырып, (өз билігін) нығайтты. Лоулаң, Ұсын, Құтзе және оларға шектес 36 үлес (кінәздік) сүннулерге қаратылды. Олардың бәрі сүннулердің әскеріне кіріп, бір әулетке айналды».
Бұл құжат өте маңызды, бірақ сын көзбен қарауды талап етеді. «Отыз алты мемлекет» деп қазіргі Шығыс Түркістан аумағында орналасқан кінәздіктер, яғни жалпы алғанда батыстағы Каспий теңізінің жағалауына дейінгі бүкіл жер айтылған. «Тарихи жазбалардың» (Шитізи) авторы Сыма Цянь юедилердің «толық» талқандалғаны туралы хабарды құп алып, бұл орайда б.з.б. 177 жылы қытайларға юедилердің (юечжилердің) Сары өзеннің солтүстік ойпатынан батысырақта мекендеген бір бөлігінің ғана белгілі болғанын ескермеген. Қытай деректемелерінде юеди деп аталған көшпелі тайпалар Грек-Бақтрияны талқандағаннан кейін олар туралы мәліметтер өзінен-өзі бүкіл Орта Азияға да тарала бастайды.
Сірә, б.з.б. 177 жылы сүнну-ғұндардың Тынық мұхиттан Каспий теңізінің жағалауына дейінгі барлық елдерді бір кінәздің атты әскері күшімен бағындыруын шындыққа жанаспайды деп санау керек. Дегенмен де, шығыстағы юедилердің бағындырылғанына күмән жоқ, нақ сол сияқты Лаулаң, Ұсын және Қутізе бірлестіктерінің юедилерге тәуелді болғаны туралы хабар да рас. Бұл этникалық-саяси атаулардың жағырапиялық орны онша айқын емес. Қазіргі қартаға Лобнор ауданындагы Лаулаң (Крораина) кінәздігі ғана азды-көпті сәйкес келеді. Қытай жазбаларындағы басқа деректердің есімен теңестірілген Қутізе жерінің немесе тайпасының этнонимі жергілікті Айғыр атауынан шығуы мүмкін. Ол Ұсын және Тізәң- күң елдерінің арасында, яғни шамамен Оңтүстік Алтайда болған. Геродоттың аргиппейлер тайпасы осы маңайда орналасқан деп саналады. И. X. Дворещсийдің пікірінше, аргиппейлер деген сөз ертедегі гректерше «арғымақ», «тұлпар» дегенді білдірді, демек нақ сол ұғымға жақын әлдебір жергілікті атаудың аудармасы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, ертедегі қытай тілінің жоғарыда аталған транскрипцияларын түркілердің «арғымақ» немесе «айғыр» деген сөздерімен салыстыру дұрыс сияқты.Ғұндар бірлестігіне шыққан тегі әртүрлі тайпалар немесе этникалық- саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық өміріне бір орталыққа бағынғысы келмейтін қуатты күштер, кең-байтақ жердің әр түрлі аудандары арасында берік саяси және экономикалық байланыстардың болмауы зор ықпал жасады. Алғашқы кезде біршама бірлік ғұн қоғамындағы фратрияаралық ұйымның ерекше түрі болуы арқылы орнаған.
Сүнну-ғұн тарихынан әулеттік бірлестіктің үш, ал кейін төрт экзогамиялық билеуші рулардан (фратриялардан) тұрғаны мәлім. Деректемеде былай делінген: «Құйаң руы, Лаң руы, олардан кейін Сүйбу руы пайда болды; оларда ең атақты тармақтар да нақ осы үш әулет»11. Бұл орайда сол қанатты құрайтын Құйаң руы ең атақтысы болған, ал Лаң және оған еншілес Сүйбу он қанат болған. Бір қызығы, шаңюйлік Луаңти руы атақты ру деп аталмаған. Ал Құйаң мен Лаң шаңюймен құдандалы туыс болған. Біздің заманымызға жақындағанда құдандалы туыстық біраз өзгерген. Оңтүстік сүннулерде шаңюй руы Сүй-Ляң-ти деп атала бастады, басқа ақсүйектер әулетінен Құйаң, Сүйбу, Тсүлиң және Лаң аталған. «Осы төрт әулет олардың елінде атақты рулар болған және әдетте шаңюймен құдандалы туыс еді». Онда бұдан әрі былай делінген: «Құйаң руы сол (яғни шығыс және үлкен) қанат, ал Лаң және Сүйбу рулары оң (яғни батыс және кіші) қанат болған». Тағы екі ғасырдан кейін олардың патшалық руы алмасқан және өз атауын өзгерткен. Тізіп келтірілген ең атақтысы енді Дүге (Тұғлақ) руы болып шығады, ол «ең батыр және ұлығы болған, сондықтан шаңюйлер солардан шыққан. Олардың атақты төрт руы Құйаң руы, Сүйбу руы, Лаң руы, Тсәо (Тсүлиң) руы болған, бірақ ең атақтысы — Құйаң руы, одан канцлерлер, сол және оң қанаттағы житшүлер шықкан». Уақыт өте келе шаңүй руының белгісіз рудан «ең ержүрек» болуы негізінде «ең ұлық» руға айналған эволюциясы ерекше көрінеді. Тегінде, мұнда белгілі бір кезеңде сол кезде-ақ болған ер адам жағынан мұраға қалатын қағидатты көрсеткен еркек (патриархаттық) тегінің іс жүзінде үстемдік етуімен дуалдық ұйым қалыптасқан болса керек.
Б.з.б. I ғасырдың орта шенінде-ақ сүнну қоғамы өзінің вассалдық иеліктерінен айырылумен бірге «байырғы» құрамында екі топқа — Қуқаңиешаңүй бастаған оңтүстік және Чжичжи басшылық еткен солтүстік топтарға бөлінді. Оңтүстік сүннулер Ордос аумағында мекендеп қалды да, солтүстік сүннулер өз тайпаластарының қысымымен Саян мен Байкөл өңіріне ыгысып, солтүстік пен батысқа қарай қоныс аударған.
Б.з.б. 49 жылы Чжичжи көрші кінәздікке дипломатиялық сапарға кеткен Қуқаңиенің аз уақыт болмауын пайдаланып, оның жерін басып алып, сол арқылы конфедерацияның бірлігін қайта орнатуға әрекет жасайды. Алайда оның күші оған жетпеген. Шежірешінің айтқанындай, «Чжичжидің өзі сүннуде күшпен нығая алмайтынын білді». Ол үйсін гүңмосы Үтізутудан көмек сұрағанеді, бірақ соңғысы оның елшісінің басын алып, Чжичжиге шабуыл жасауға 8000 атты әскер жібереді. Чжичжидің атты әскері үйсіндердің жасағын талқандайды, ал одақтассыз қалған Чжичжи оңтүстік ғұндардың жерінен кетуге мәжбүр болады. Одан әрі деректемеде бұл және одан кейінгі оқиғалар былайша суреттеледі: «Чжичжи үйсін әскерінің көп екенін, өз елшісінің әлі оралмағанын көріп, өз әскерін орналастырды да, үйсіндерге лап қойып, оларды тас-талқан етті; солтүстікке бет бұрып, Үтізеге соққы беріп, бағындырады. Чжичжи өз әскерінің көмегімен батыстағы Тізәңкүңді қиратып, солтүстікте Данлинді бағындырады. Үш кінәздікті бағындырған соң ол бірнеше рет үйсінге әскер жіберіп, әдетте оны жеңіп жүрді.»
## Тарихы
Біздің заманымызға дейін 1 мыңжылдықтың 2-жартысынан бастап Еуразияның этникалық-саяси тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпалары ролі артты. Біздің заманымызға дейін 4-3 ғасырларда Қытайдың солтүстігі мен Орталық Азияда ғұндар деген тайпалар бірлестігі (сюнну, дунху) пайда болды. Нақты айтқанда, біздің заманымыздың дейін 209 жылы бой көтеріп, біздің заманымызда 216 жылы дейін дәурен сүрді.
Шаңырағын көтерген әйгілі Мөде (Мотэ) батыр. Біздің заманымызға дейін 209 жылы Мөде әкесін өлтіріп, таққа ие болады.
Осы заманнан бастап, ғұн мемлекеті күшейе бастады (атап айтсақ, біздің заманымызға дейін 188 жылы ғұндар өзіне қытай императоры Гао-Диды бағындырады, хань династиясы ғұндарға салық төлеп тұрғаны белгілі. Юечжи, ловфань, байянь, үйсүн тағы да басқа тайпалардың жерін тартып алады.)
Ғұндар Байкалдан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзеніне дейінгі жерде мемлекет құрды. Оның әскері 300-400 мың болды.
Мөде қайтыс болғаннан кейін өзара қырқыс басталды. Хулагу кезінде, біздің заманымызға дейін 47 жылы ғұндар оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндар Қытай бодандығын қабылдады, ал солтүстігіндегілер орталық азиялық тайпалармен одақтасып батысқа кетіп, өз тәуелсіздіктерін сақтады. Алайда, үнемі Қытайдың қысымына түскендіктен Тянь-Шаньды асып өтіп, қаңлыларға келді. Бұл ғұндардың Орта Азия мен Қазақстанға алғашқы қоныс аударуы болды.
Екінші қоныс аудару біздің заманымыздың 1 ғасырында болды. 93 жылы Қытайлар ығыстырған солтүстік ғұндар тағы да батысқа қарай жылжыды. Олар Қазақстан территориясы арқылы батысқа бет алды. Бұл көшпенділердің Қазақстанға енуіне байланысты шығыс иранның қаңлы тайпаларының түріктенуі басталады.
Біздің заманымыздың 1 мыңжылдығы басында Жетісу, оңтүстік қазақстан тайпаларының кескін-келбеті монғолдана бастады. Ғұндар жергілікті тайпаларды бағындырып, Сырдария бойымен Арал өңіріне, орталық және батыс Қазақстан аймақтарына барып енеді. Ғұндардың біздің заманымыздың 4 ғасырда Шығыс және Орталық Еуропа жеріне келуіне үш ғасыр уақыт керек болды.
Ғұндар Рим империясына қауіп төндірді. 5 ғасырдың 30-жылдары ғұндардың басшысы Аттила Еуропа халқының үрейін ұшырды. 375-376 жылдары вестготтардың Қазақстан даласынан келген ғұндармен күресі ежелгі Рим империясының құлауына әкелді.
## Шаруашылығы
Шаруашылық-мәдени типінің негізі - көшпелі мал шаруашылығы. Мал өсіру, әсіресе жылқы өсіру басты рөл атқарды. Сондай-ақ қой өсіру, аң аулау, егіншілік дамыды.
Ғұндардың қол өнер кәсібі күшті дамыған (металдан, сүйек пен мүйізден, тас пен саздан, ағаштан, керамикадан жасалды). Сауда дамығандығын жібек маталар, айналар, нефриттен істелген бұйымдар көрсетеді.Олар малдың барлық түрлерін өсірген. Ғұндардың негізгі баспанасы киіз үйлер болған. Ғұндарда бұйымының бетіне түрлі түсті заттарды жапсыру стилі пайда болды, тарихта ол полихромдық стиль деп аталған. Осы стиль Орталық Қазақстанда дамыған. Зерлеу әдісімен пайдаланды. Бұйымдарды безендіру үшін негізгі бейне жабайы аңдар болған.
### Мал шаруашылығы
Ғүндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығының маңызы зор болған. Мал санының өсуіне байланысты мал өсірушілер жаңа аумақты игеруді эəне шұрайлы жайылымдарды алуды көздеді. Жайылымды жиі-жиі ауыстырып, малды барған сайын қоныстардан алыс жерге жаю күшейді. Қытай деректерінде олардың үй малынан жылқы, ірі қара жəне қой-ешкі өсірген, біразя түйе, есек ұстайтынын жазады. Олар үй малымен тамақтанып, олардың терісін киім қылып, жүн мен терісін киім, жамылғы есебінде пайдаланды.
Ғүндар ат сайысы ойындарының негізін салған. Ал қойдың етін, терісін, жүнін пайдаланды. Малдың бəрі дерлік бүкіл жыл бойына өрісте жайылып бағылды. Сондықтан жазда қуаңшылық немесе қыста көктайғақ жұт болуы, мал індеті үлкен апатқа ұшыратып отырды. Ғұндар қосымша кəсіп ретінде аң аулаумен де айналысқан. Бұл кəсіп негізінен өздерініе азық қорларын молайту үшін жəне сейіл құру үшін жүргізілген.
### Егіншілік кəсібі мен қоныстары
Ғүндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Ғұндар дəнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Егіншіліктің жақсы дамығанын білдіретін темір орақ, соқа тістері, қол диірмендер, дəнүккіштер сияқты егін салуға жəне оны жинап алуға қажетті құрал-саймандар табылған. Ал үй-жайлардың ішінен астық сақтайтын ұралар табылса, еден, қабырғалар сылағынан, шикі кірпіштердің арасынан сабанның қалдыхтары кездеседі.
Олар негізінен киіз үйлерде тұрды. Киіз үй торкөз кереге, уық, шаңырақ жəне киіз жабуынан тұрды. Киіз үйдің төріне қамшы, ағаштан жасалған қынабы бар семсер, садақ, жебелер салған қорамсақ т.б. іліп қоятын болған.
## Қоғамдық құрылысы
Ғұн тайпаларында əлеуметтік теңсіздік қалыптасты. Ауқатты отбасылардың немесе үстем тап өкілдерінің қабірлерінен қымбат бағалы заттар көп табылады. Кедей адамдардың қабірлерінде қарапайым жасалған арзан бұйымдар кездеседі, кейбір қабірлерден ешбір зат табылмайды. Ғүндардың билеушісі тобы ақсүйектер рудың мүддесін қорғап, көсем ретінде бар мəселені шешіп отырды.
## Қоғамы
Патриархалды-рулық қарым-қатынастардың белгілері өте күшті болған. Ғұндар 24 руға бөлінген. Олардың басында ағамандар тұрған. Ағамандар кеңесі мен халық жиналысы жұмыс істеген. Әскери тұтқындардан құралған құлдар да болған.
Жазба деректер ғұндар қоғамындағы өкімет белгісі туралы мәлімет те қалдырған. Елді шаньюй басқарған. Одан кейін түменбасылар болды. Ғұндар қоғамында мал мен жерге жеке меншіктің пайда болуы, тұрпайы бюрократтық аппараттың құрылуы, алым-салық, жазу-сызудың болуы таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуын туғызды.
## Ғұндардың юэчжилермен, Қытаймен, үйсіндермен, қаңлылармен қарым-қатынасы
Ғұндардың юэчжи тайпасымен күресі ғұндардың жеңісімен аяқталды. Юэчжилер тек біздің заманымызға дейін 174—165 жылдары түпкілікті талқандалды. Нәтижесінде, юэчжилер Орталық Азияға шегініп, Әмударияның жоғарғы ағысына жылжиды. Ғұндарға бағынғандардың арасында үйсіндер де бар еді. Қытай жазбаларында 36-ға жуық көрші ұлыстардың бағындырылғандығы айтылған. Мөде біздің заманымызға дейін 174 жылы қайтыс болды.
Мөденің баласы Лаушан тұсында юэчжилер тасталқан болып жеңіліп, олардың бір бөлігі Жетісуды мекен етті. Жетісудағы сақтардың бір бөлігі юэчжилердің қысымынан Ферғананы басып өтіп, Парфия, Бактрияға жылжып, келесі бір бөлігі Ауғанстан Солтүстік Үндістанға (Кашмирге) өтіп кетеді. Үлкен юэчжилер Жетісуды 30—40 жыл шамасындай ғана иемдене алды. Кейін Жетісуды үйсіндер юэчжилерден тартып алды. Ғұндардың әскери көмегінің арқасында үйсіндер осылайша Жетісуға орналасқан болатын. Батысқа қарай ығысқан юэчжилер Бактрияны өзіне бағындырады. Олардың енді бір бөлігі үйсіндермен араласты.
Ғұндар мен Қытай арасында айырбас сауда жүріп тұрды. Бұл, әсіресе ғұндарға тиімді еді. Біздің заманымызға дейін 158 жылы шекарадағы сауда көздерін кеңейту мақсатында тәңіркұты Қытайға қарсы соғыс ашты. Біздің заманымызға дейін 152 жылы ғұндармен тағы сауда жөніндегі шартқа қол жеткізеді. Шекаралық аймақтарда сауда орындары ашылады. Сонымен қатар Гобиден оңтүстікке қарай жайылымдарды қайтарып алады.
Біздің заманымызға дейін 133 жылы ғұн-қытай соғыстарының жаңа кезеңі басталды. Бұл жолы соғысты қытайлықтар бастады. Әскери кимылдар бұрынғы ғұн аумағына ауысты. Соңғы ұрыста 90 мың ғүн әскері талқандалды. Біздің заманымызға дейін 90-жылдардағы қақтығыстарда 70 мың қытай әскері ғүн әскерін жеңе алмады. Өз күшімен ғұндарды жеңе алмайтындығына көзі жеткен Қытай билеушілері енді 20 жыл үзілістен кейін басқа көшпелі тайпаларды ғұндарға қарсы айдап салуға кірісті. Біздің заманымызға дейін 71 жылы ғұндар бағындырған елдерді өз жағына тарта бастады. Солардың қатарында үйсін билеушісіне елші жіберіп, некелік байланыстар орнатады. Ғұндар да қарап қалмай, өз кезегінде үйсін күнбиіне (гуньмосына) бір қызын береді. Ал ғұндар мен қытайлықтар арасындағы текетірес одан әрі жалғаса берді. Ғұндар енді қытайлықтардың одақтасы — үйсіндерден кек алуға кіріседі. Үйсіндердегі қытай ханшасы император сарайына хат жолдап, үйсіндерге көмек беруін талап етеді. Қытайдың 100 мың атты әскері ғұндарға қарсы аттанады. Үйсіндердің өзі 50 мың әскер шығарады. Біріккен үйсін-қытай күштеріне қарсы тұра алмаған ғұндардың 39 мың беделді адамдары қолға түсіп, 700 мың малы жаудың қолында қалды. Бұл ғұндар үшін орны толмас ауыр соққы болды. Біздің заманымызға дейін 71 жылы үйсіндерге қарымта шабуылға шыққан ғұндарға шығыстан дунхулар, батыстан үйсіндер шабуыл жасады. Ғұндар әскері ауыр жеңіліске ұшырайды. Бүкіл малдарының тең жартысынан айырылады. Үштен бір бөлігі ұрыс алаңында қаза табады. Адамдарының 3/10 бөлігі аштан өледі. Қытай әскерлері де үш бағытта шабуылдап, мыңдаған әскерді тұтқынға түсіреді. Қытайлықтар ғұндарға қарсы көршілерін айдап салуын жалғастыра берді. Ғұндардан тартып алған жерге әскери еңбек армияларын орналастырады.
Біздің заманымызға дейін 59 жылы Қытай Батыс өңірді басқаратын орган кұрды. Енді ғұндардың өз ішінде де іріткі басталып, билікке талас туған еді. Билікке таласудан, ішкі-сыртқы дағдарыстардан Ғұн мемлекеті ыдырап, біздің заманымызға дейін 55 жылы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінеді. Хуханье шаньюй бастаған оңтүстік топ — Қытаймен бейбіт қарым-қатынас орнатты. Ал Чжи-Чжи бастаған ғұндардың солтүстік бөлігі Қытайдың қысымымен батысқа ауады.
Біздің заманымыздың Ill ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Қазақстан мен Жетісуға келген ғұн тайпалары V ғасырға дейін өмір сүрген Юэбан мемлекетін құрды. Бұрынғы солтүстік ғұндардың ұрпақтары болып саналған аталмыш мемлекет дәстүрлі тәңірқұты атағын алды.
Деректерде юэбандықтардың тілі ежелгі түрік тіліне жақын болғандығы туралы мәлімет бар.
## Қосымша
Ғұндар, хұндар - ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарынын арғы тегі. Біздің заманымызға дейін 1-мыңжылдықта қалыптасқан. Бастапқы кезде солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған. Ежелгі Қытай жылнамаларында Ғұндар гуй фан, гун руң, хун ю, шиан ю, шиұң ну секілді, т.б. атаулармен берілген. Біздің заманымызға дейін 3 ғасырдыңдың соңына қарай Ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. Ғұндар 24 руға бөлінген, оларды елағасы — бек биледі. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды. Жоғары билеушісі "Тәңірқұт "лауазымын иемденген. Қытай деректерінде Ғұндардың жоғары билеушісі "шаньюй" деп аталады. Ғұндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Жылқының асыл тұқымдарын өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Ғұндар дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңтейде болған. Зергерлік өнердегі полихром стилін дүниеге әкелген. Ат үсті ойындарының негізін салған. Көктөңіріне табынын, ата-баба рухына сиынған. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған. Онда, негізінен, мыналар көзделген: "Ұрлық жасап, кінәлі болғанның жері алынады, шайқаста жаудың басын шауып алған немесе оны тұтқынға алған адамға бір кеспек шарап сыйланады, қолға түсірілген олжа соған беріледі, ал тұтқынға алынғандар соның құлдары мен күндері етіледі; ұрыс алаңында қаза тапқан адамның сүйегін кім өкелсе, оның отбасының бүкіл мүлкін сол алады". Ғұндар өз арасында қылмыс жасап айыпты болғандардың бетін тілген. Тілінген беттің тыртығы бұрынғы қынмысын білдіріп тұратындықтан, ондай адамдардың қайта қылмыс жасауға батылы бара бермеген. Себебі, келесі жазаланғанда өлім жазасына кесілетін. Ғұндар соғыс тұтқындарын құл қылып, оларды үй қызметшілері, бақташылар, қолөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланған. Ер азаматтарының барлығы дерлік қатардағы жауынгер саналған. Ғұндар әскерінің негізі атты әскерден тұрды. Салт атты жауынгерінің қару-жарағы — садақ, семсер, қанжар, найза, бұғалық (ұры құрық). Ғұндардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлықтар ұлы Қытай қорғанын салдырған. Ғұндардың күшті мемлекет болып отыруы кытайлықтарға ұнамады. Олар ғұндарды әлсіретудің жолын іздеді. Біздің заманымызға дейін 209 жылдан Ғұндарды Мөде басқарды. Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, күйрете соққы берді. Кескілескен күресте әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен дәмеленуден бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөденің алдында бас иіп, онымен "тыныштық және туыстық туралы шартқа" қол қоюға мәжбүр болды. Бұл шарт бойынша ол Мөдеге өзінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын "сыйлық" ретінде салық төлеп тұруға міндеттенді, кейін ол салықты үнемі төлеп тұрды. Шығыста Мөде "шығыс ху" тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда, Керулен және Онон алқаптарында мекендеген сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Батыста юечжи тайпаларына жорықтар жасады. Бұл кезде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейін созылып жатқан аумақ Ғұндардың қол астына түсті. Біздің заманымызға дейін 201 жылы жорықта ғұндар Алтай тайпаларын түгелдей дерлік бағындырды. Біздің заманымызға дейін 177 жылға қарай Тынық мұхиттан Каспий тауының жағалауына дейінгі жерлерді өздеріне қаратты. Осылайша ғұндар мемлекеті құрамына дунху, юечжи, гянгунь (қырғыз), үйсін, қаңлы, т.б. тайпалары кірді. Біздің заманымызға дейін 1 ғасырдың орта шеніне қарай империяға айналған ғұндар мемлекеті толассыз қанды соғыстан, ұшыға түскен тақ таласынан, бір орталыққа бағынғысы келмеген күштердің әсерінен әлсірей бастады. Нәтижесінде біздің заманымызға дейін 56 жылы Ғ. Хуханье бастаған оңтүстік жене Чжичжи (Шөже) басшылық еткен солтүстік топтарға бөлінді. оңтүстік Ғ. Ордос өңірін мекендеп қалды да, солтүстік ғұндар өз тайпаластарының қысымымен Саян және Байкал өңіріне ығысты. Біздің заманымызға дейін 49 жылы Чжичжи Хань империясының боданына айналған оңтүстік ғұндардың жерін басып алуға, сол арқылы бірлікті қайта орнатуға әрекет жасады. Бірак оның Бұл әрекетінен нәтиже шықпады. солтүстік ғұндарды 87-93 жылдары қытайлардың сяньби және динлин тайпаларының бірлескен одағы талқандалды. Жеңіліске ұшыраған солтүстік ғұндардың бір бөлігі 5 ғасырда Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияда өз мемлекетін құрып, Ауғанстан мен Иранды, Үндістанның біраз бөлігін жаулап алды. Хань империясының бодандығындағы оңтүстік ғұндар 304 жылы көтеріліс нәтижесінде Лю-хан атты өз мемлекетін құруға мүмкіндік алды. 318 жылы Лю-хан мемлекеті Үлкен Чжао және Кіші Чжао болып екіге бөлінді. 329 жылы Кіші Чжао Үлкен Чжаоны және солтүстік Қытайды бағыңдырды. 350 ж. шыққан тегі қытай болып келетін Кіші Чжаоның қолбасшысы Жан Мин мемлекет билігін тартып алын, Кіші Чжаодағы ғұндардың көп бөлігін қырып тастады. Бұл көп ұзамай Кіші Чжаоның құлауына алын келеді. оңтүстік ғұндар 4 ғасырдың соңына қарай қайта күшейе түсті. 5 ғасырдыңдың бас кезінде олардың әйгілі қолбасшысы Хэлян Баба Ся патшалығын, ал Мэн Сун көсем Бэй Лян патшалығын құрды. Ордос пен Нанынан (қазіргі ҚХР-дің Ганьсу провинциясы) өңірінде құрылған осы екі мемлекет 439 жылы тобғаштардың (тоба) шабуылы нәтижесінде қирады. солтүстік ғұндардың Еділ-Жайықтағы үлкен бөлігі 4 ғасырдың 2-жартысында Қара теңіз жағалауын, Днестрге дейінгі өлкені бағындырды. Сарматтарды тізе бүктірген соң аландарды талқандады. 375 жылы остгот, герул, генид, сақ тайпаларын бағындырын, Қап тауына жорық жасады. Ғұндардың Батысқа жорығы "халықтардың ұлы қоныс аударуына" түрткі болды. Ғұндар Еуропада өз империясын құрды.
## Дереккөздер |
Ербол Тұрмаханұлы Орынбаев (29.06.1971 ж, Шымкент қаласы) – қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Президентінің көмекшісі (2013 жылдан бастап).
Қоңырат тайпасының Құлшығаш руынан шыққан.
## Карьерасы
1992 жылдан - «Ақ Бастау банкі» ААҚ коммерциялық бөлімінің маманы (Шымкент қаласы).
1993 жылдан - Мәскеулік «Фьючер» акционерлік коммерциялық банкі басқармасы төрағасының орынбасары. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факултетін бітірген (1995).
1995 жылдан - Ливерпульдік «Welkfield inspection Services Ltd.» мақта сертификаттау компаниясының бас директоры (Шымкент қаласы). Халықаралық экономикалық даму жөніндегі магистр атағы бар.
1996 – 1998 жылы Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды.
1998 – 2001 жылы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікте, Президент әкімшілігінде, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте қызмет атқарды.
2001 жылы Дүниежүзілік банктің Вашингтондағы консультанты болып істеді.
2002 жылы экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің вице-министрі,
2003 жылы Маркетинг талдау, зерттеулер, орталығы басқармасының төрағасы болып тағайындалды.
2004 жылдың сәуірінен - ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары,
2005 жылдан - Әлеуметтік - экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі, 2006 жылдан - жетекшісінің орынбасары.
2007 жылдың қаңтарынан - ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің жетекшісі.2008 - 2013 жылдары - ҚР Премьер-министрінің орынбасары.2013 жылдың қарашасы - ҚР Президентінің көмекшісі.24 тамыз 2015 ж. ҚР Президенті көмекшісі қызметінен босатылды.
## Дереккөздер |
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағы — 1993 ж. белгіленді.
Атақ ғарышқа ұшудың тапсырылған бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған, алдарына қойылған ғылыми-техникалық, зерттеушілік және практикалық міндеттерді үлгілі орындаған азаматтарға беріледі.
## Марапатталғандар
Ағымда 4 адам марапатталған, соның ішінде:
* Тоқтар Әубәкіров — Қазақстанның 1-ші ғарышкер-ұшқышы
* Талғат Мұсабаев — Қазақстанның 2-ші ғарышкер-ұшқышы
* Юрий Маленченко — 12.01.1995;
* Айдын Айымбетов — 14.10.2015.
## Қазақстан жерінде туған басқа ғарышкерлер
* Виктор Иванович Пацаев
* Владимир Александрович Джанибеков
* Владимир Александрович Шаталов
* Юрий Валентинович Лончаков
* Александр Степанович Викторенко
## Дереккөздер |
Қошмұхамбет Дүйсебайұлы Кемеңгеров (15 шілде 1896, бұрынғы Ақмола облысы, Омбы уезі, Беке болысы, Қаржас ауылы – 21 қараша 1937, Омбы) – алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист.
Білім мен білікке ұмтылған Қошке Кемеңгерұлының тағдыр-талайы зиялыларымыздың жарқын ғұмырымен қат-қабат байланысып жатыр.Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді.
## Өмірбаяны
Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан. Ата-бабасы мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған болатын. Деректерге қарағанда, Шорман би “Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ” деп, баласы Мұса оқыған кадет корпусы көрінетін Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы сенімді ағайыны Атанұлы Кемеңгерге, өзіне арнайы үй салдырып, қызметшілері үшін тұрғын жай, малы үшін қора-қопсы тұрғызады. Кемеңгер Дүйсенбай, Дүйсебай есімді екі ұл сүйген. Дүйсебайдан тарайтын Қошмұхамбет есейе келе қалам ұстағанда, жазғандарына “Қошке Кемеңгерұлы” деп қол қояды.
Арғын тайпасы Сүйіндік руының Қаржас атасынан шыққан.
Діндар Дүйсебай ерте жастан хақ жолына түсіп, бойдақ күнінде-ақ Меккеге барып келіп, қажы атанады. Осы қасиетті Меккеге барарда ол Атығайдың беделді мырзасы Қартабаймен сапарлас болады. Жас Дүйсебайды Қартабай қатты ұнатып, елге келгенде оған Жәмила есімді қызын өз қолымен ұзатады. Сонымен болашақ қаламгер көзі ашық, ауқатты, берекелі отбасында туып, жан-жақты тәрбие алды.
## Білімі
Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан оқыған Қошкені әкесі Омбы приход школына береді (Бұл кезде мұсылманша оқу орны – мектеп, медресе, орысша оқу орны – школа, училище аталған). Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін олардың балаларын “Божий Закон” сабағынан босатқан-ды. Жас Қошке осы школдан орыс тілін, басқа да пәндердің негіздерін үйреніп шығады.
Мұнан кейін Қошке Омбының ветеринарлық-фельдшерлік школына түседі. Арнаулы оқу орны болғандықтан мұнда ол зоотехника, медицина негіздері бойынша сабақ алады. 1913 жылы аталған школдың 2-класын бітіргенде, Омбы ауылшаруашылық училищесіне түсуге аңсары ауады. Осы жылы аталған білім ордасына Қошкемен бірге Ахмет Әбдірахымұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Мұхтар Саматұлы сынды шәкірттер де түседі. Бұлардан бір жыл бұрын училищеге Сүлембек Байжанұлы, Бірмұхамед Айбасұлы, Асфандияр Шорманұлы секілді қазақ балалары қабылданған екен. 1916 жылы бұл оқуға Смағұл Садуақасұлы түседі.
1920 жылы 7 желтоқсанда Қазақстанның Сібір ревкомындағы өкілеттігі Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институтының басшылығына Қ.Кемеңгерұлы мен М.Сейітұлын ветеринария факультетінің медицина бөліміне курстан тыс қабылдауын өтініп, арнайы хат жолдайды. Қошке осында оқып жүргенде аталған институт аты “Батыс Сібір мемлекеттік медицина институты” болып өзгереді. Бұл уақыттағы мекені туралы қаламгер: “Әке-шешем Омбы уезі, Теке болысы, Қисық жайлауындағы №9 ауылда тұрады. Менің қазіргі мекен-жайым: Омбы қаласы,2-линия, 68-үй”,—деп жазады.
Қ.Кемеңгерұлы ІІІ курсты тәмамдағаннан кейін 1924 жылдың 21 тамызында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысуға өтініш береді. Сол жылы ол Түркістан Республикасының орталығы Ташкентке кетеді. Мұрағатта мынандай мазмұнда жеделхат тіркелген: “Ташкент. “Ақ жол” газеті редакциясына. Қ.Кемеңгерұлына. Ол ІV курстың дәрісін түгел тыңдады. Омбы. Омбы көшесі, 26-үй. Соколова”. Бұл деректен Қошкенің Ташкентте “Ақ жол” төңірегіне тұрақтағаны байқалады.
1917-1918 жылдардағы саяси оқиғалар тұсында Қошке сергелдеңге түскен халық пен оқығандардың ішінде жүрді. Бұл кезде заман қатал, саясат құбылмалы еді. Осыған қарамай Алаш зиялылары сеңдей соғылысқан жұрттың арасынан бөлінбей, мәмілегерлік жолын іздеді. 1917 жылы сәуірде Қошмұхамбет Кемеңгерұлы Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан (Омбыдан) Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасы болып Сәкен Сейфоллаұлы тағайындалады. Қазақ комитетін құрушылар Ақмола шаһарында бірде медреседе, бірде қала басқармасының үйінде жиналып, аласапыран заманның қиындығынан халықты қалай аман сақтап қалу жолын ақылдасады.
Қошке Ақмолада Сәкен ұйытқы болған “Жас қазақ” ұйымының жұмысына да қатысады. Бірақ облыстық қазақ комитеті мен уездік қазақ комитеті арасындағы кейбір маңызды мәселелер бойынша туған келіспеушіліктен соң және “Жас қазақ” басшылары Алаш Ордадан бойын аулақ салғаннан кейін 1917 жылы тамызда Қошке Омбыға қайтады. Сол жылы күз, қыс айларында Қ.Кемеңгерұлы Ақмола облыстық Алаш партиясы комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. Сөйтіп, өзі сол комитеттің мүшесі болады. Желтоқсанның 5-13 арасында Орынборда әйгілі Алаш Орда үкіметін жариялайтын ІІ жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысады. Жас тұрғысынан жиырмадан енді асқан ол күрестен де, ізденістен де шет қалмады.
1915-1916 жылдары Омбыдағы қазақ жастары сол жағалаудағы Қаржаста жасырын жиналатын болса, 17-жылғы өзгерістен соң қала ішінде ашық мәжіліс құрды. Алғашқы бас қосулардың нәтижесі – 1918-1919 жылдары Алаш Ордаға қалтқысыз жәрдем берген, ел бірлігі мәселесінде біршама тиянақты жұмыс жасаған “Жас азамат” ұйымы мен газеті еді. Қошке осы ұйымның алқасына кірді, оның Қызылжар қаласында шығып тұрған үні – “Жас азамат” газетіне редактор болды. “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Абай” сынды ұлттық басылымдардың ізбасары іспеттес “Жас азамат” бетінде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мақалалар нөмір құрғатпай шығып тұрды. Бұл газет большевиктердің имансыз әрекеттерін елге жария қылды. Сондай-ақ қиын кезде жастарды ауызбірлікке шақырды.1919 жылы Қошке Омбы политехника институтына оқуға түседі. Мұнда ол бірінші курсты ғана оқиды. 1920 жылы Ақмола облысына (орталығы – Омбы) қарайтын Петропавл (Қызылжар) уезіне мұғалімдікке шақырылады. Мұнда ол жаңадан құрылған, аты заманына сай “Қызыл мұғалімдер курсында” оқытушы ретінде дәріс оқи бастайды. Бұл шақта мұнда Мағжан да сабақ беретін. Осы оқуды тәмамдаған, кейін Омбыдағы қазақ педучилищесінің директоры болған Жүнісбек Жанғонақов естелігінде: “Курста 200 мұғалім оқыды. Қошмұхамбет жаратылыс пәнінен сабақ берді. Ол кісі әдебиет мәселесімен де шұғылданып жүретін еді. Қайсы уақытта өзінің жазған әңгіме, пьесаларын қолжазбасынан оқитын”, — деп жазады.
## Пьесалары
Қызылжар қаласында Қошкенің драматургтік қабілеті де ұштала түсті. Осыған дейін “Әулие тәуіп” секілді пьесасын сахналатып үлгерген Қ.Кемеңгерұлы енді бұл саладағы шығармаларының тақырыбын кеңейтті. Оның қаламынан 1919-1920 жылы “Қасқырлар мен қойлар”, “Бостандық жемісі” атты қос пьеса дүниеге келді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Ж.Жанғонақов 1916 жыл оқиғасы туралы “Қасқырлар мен қойлар” пьесасында өзі – урядник рөлін, ал кейін жазушы болған Сәбит Мұқанов – болыстың шабарманы рөлін ойнағанын айтады.
## Отбасы
1923 жылдың көктемінде Қ.Кемеңгерұлының жеке өмірінде үлкен оқиға болады: ол профессор Зарницынның жетекшілігімен Қызылжар жерінде халыққа ем-дом көрсетіп жүргенде Мұхамеджанқызы Зурамен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Бұл кезде Қошке студент-практикант еді. Тағдырдың жазғанына не шара, 1924 жылы наурызда Зура бала үстінде дүниеден озады. Осынау трагедия Қошкені есеңгіретіп тастайды.1925 жылы Қ.Кемеңгерұлы Гүлсім Жәмиқызына үйленеді. Гүлсімнен ол Зайра (1926-2011), Нарманбет (1927-2008), Сәуле (1928-1993) есімді үш перзент сүйеді. Олардан тараған ұрпақ бүгінде Ресейдің Омбы және Алматы, Көкшетау, Астана, Қарағанды облыстарында мекен етеді.
## Қ.Кемеңгерұлы Ташкентте
Ол мұнда ұлтқа қызмет ету үшін көшті. 20-жылдары зиялылардың көбі негізінен Ташкентке орнықты. Мұндағы саясат райы салыстырмалы түрде Орынбордан тәуір еді. Түркістанда өкімет басындағылардың ескі оқығандарға ықыласы бөлек болды. Х.Досмұхамедұлы 1922 жылы құрған “Талап” қауымына елшіл азаматтар топтасқан еді. Бұл шақта мұнда Алаш арыстары баспасөз, оқу-ағарту салаларында қызмет жасайтын. Қ.Кемеңгерұлы бір кездері қайраткер Т.Рысқұлұлы көтерген Түркістан конфедерациясы идеясына сенді.
Ташкентке табан тіреген Қошке мұнда 1921-22 жылдардан орныға бастаған Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Бұл кезде Ахмет пен Міржақып – Орынборда, ал Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі “Күншығыс” баспасының қазақ секциясында қызметте еді. Ташкентте Қошке сондай-ақ Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуез, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Абдолла Байтасұлы, Даниял Ысқақұлы сынды арыстармен араласып тұрды. Қошкенің Түркістанға ат басын бұрған кезі әйгілі “Алқа” бағдарламасының оқығандар ортасында кеңінен талқыланған шағына тұспа-тұс келді. Бағдарламадағы мына жолдар Қошке мұратымен үндесіп жатты: “Жаңа әдебиеттің тартылса ағұзысы ғана тартылды, біссімілдәсі әлі басталған жоқ. Өміріміздің күнді һәм күңгірт дәуірлері болған һәм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һәм бар. Осылардың бірі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ. ...Осылар түспей, әдебиет өз әдебиетіміз бола алмақ емес”.
Сәл кейінірек, 1926 жылы “Көркем әдебиет туралы” атты мақаласында осы ойды Қошке таратыңқырап, жүйелеп айтқаны мәлім. Оның көркемөнер табиғаты мен заңдылығы туралы пікірі әлі де көкейкесті.
Ғұмырының Ташкент кезеңі Қ.Кемеңгерұлы шығармашылығының тынысын кеңейтті. Ол Омбыда бастаған “Қазақ тарихынан” зерттеуін аяқтап, Мәскеудегі “Күншығыс” баспасына тапсырды. Аталған баспадан сонымен бірге 1925 жылы қаламгердің “Бұрынғы езілген ұлттар” атты ғылыми еңбегі мен “Қазақша-орысша тілмашы” жарық көрді. Сөздікті түзуге Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен Байғасқаұлы, Баймақанұлы, Дәулетбекұлы, Темірбекұлы, Сәрсенбайұлы қатынасқан. Қошке осы Ташкентте жүріп 2 кітаптан тұратын қазақ тілінен “Жабыропалықтар үшін оқу құралын” жазды. Оның біріншісі 1928 жылы Ташкентте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды.
1918-1919 жылы С.Садуақасұлы: “Жас талап Кемеңгерұлының прозасы келешегінен үміт күттіреді” деп жазғанындай-ақ, Қошке қаламынан оның өмірінің Ташкент жылдарында “Отаршылдық ұсқындары,” “Қанды толқын”, “Момынтай”, “Ерлік жүректе”, “Қазақ әйелдері”, “Жетім қыз”, “Дүрия”, “Назиха” тәрізді тумысы ерекше әңгімелер туды. Суреткер Қ.Кемеңгерұлы әріптесі Мұхтар Әуез, Жүсіпбек Аймауытұлы секілді прозада ұлттық нақышты сақтай отырып, көркем бейнелеудің биігіне ұмтылды.1925 жылы Қазақстан астанасы Ақмешітке көшті де, шойын жолдың бойындағы бұл қазақы елді мекен Қызылорда деген жаңа атау алды. Осында 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Осы қойылым драматургке игі әсер етіп, 1926 жылы “Парашылдар”, 1927 жылы “Ескі оқу”, 1930 жылы “Күнәсіз күйгендер” атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды. Талантты сыншы С.Садуақасұлы Қошкенің драматургиясын: “Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ”,- деп бағалады.
Қошке Кемеңгерұлы Ташкентте шебер журналист ретінде де қабілет-қарымын аңғартты. Ол Омбыдан келісімен “Ақ жол” газетінде қызмет істеді, сондай-ақ ғылыми-танымдық “Сана” журналының бірер санына редакторлық етті. “Ақ жол” тілшілерінің 1925 жылы өткен тұңғыш жиынын ұйымдастыруға атсалысты. Әлеумет, шаруашылық, ғылым-білім хақында алуан-алуан мақала жазды. Әдебиет жөніндегі айтыста сындарлы пікір білдірді.Күйбең журналистік, ағартушылық тіршіліктен қолы босағанда замандастары туралы жазбақ болған романына материал жинады. ҰҚК архивінен табылып отырған, 1925 жылы 16 наурызда Д.Әділұлына жазған хатында ол: “Сен өміріңде талай тарихты бастан кешірген жансың ғой. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Өмір жолыңмен танысқым келеді. Кішкене уақытыңды бөл. Есеп беру кезеңі туды. Мен қазақ зиялылары жөнінде роман жазуға отырдым” дейді.
Ташкентте Қошке мен Гүлсімнің (Омбы зиялысының қызы) Зәйра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзенті дүниеге келді.
## Ұстаздық еңбегі
Саяси сапырылыстарға толы 20-жылдардағы Ташкент тарихында Қошмұхамбет Кемеңгерұлы тек қаламгер ретінде ғана емес, ағартушы-педагог ретінде де қалды. Ол 1926 жылы Орта Азия университеті мен Түркістан әскери училищесінде дәріс оқығанын айтады. Қайраткер сондай-ақ САГУ-дың рабфагында, даярлық бөлімінде, шығыстану факультетінде, кеңестік шаруашылық пен құқық факультетінде, педагогика факультетінде қазақ тілінен дәріс оқыған.
Университетте екі жыл қызмет жасағаннан кейін Қ.Кемеңгерұлы шындап ғылым жолына ден қойғысы келді. Бұл орайда ол түріктануды таңдады. 1928 жылы 23 қазанда Қошке Шығыстану факультетінің түріктану кафедрасына аспирант болып қабылданды. Аталған факультеттің аспирантурасында Қ.Кемеңгерұлымен қатар Мұхтар Әуез де оқыған. Бұл екі дарынды азаматқа А.Шмидт, М.Гаврилов, А.Дубсон сынды ғалымдар тәлімгерлік жасады.Нағыз ғылым ашық, жүйелі пікірсайыстан соң барып қана туады. Қошке тіл маманы ретінде Юдахин, Поливанов, Шмидт тәрізді тәлімгерлерімен қазақ тілінің күрделі мәселелері жөнінде айтысып қалып отырған. Мысалы, 1929 жылы мамыр айында болған орфографияға арналған конференцияда жаңа орфография мен термин жасау принциптері жөнінде Е.Омаров, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы орнықты пікір білдіріп, бұра тартқан еуропалық ғалымдармен айтысқан. Бұл бесіктен белі шыққан, буыны бекіп келе жатқан тіл ғылымының еуроцентристік көзқараспен текетіресуінің көрінісі еді.
Қошке осы Ташкентте жүріп, қазақ тілі білімінің проблемалары жөнінде бірқатар зерттеу жазды. САГУ-де оқыған Даниял Ысқақұлының айтуынша: “1927 жылы Ташкенттегі Казпедвузға С.Садуақасұлы директор болып келгенде, осы оқу орнына Қошкені оқытушы етіп алған”.
Қ.Кемеңгерұлының ғылыми еңбегінің қатарына 1927 жылы Г.Архангельскийдің құрастыруымен орыс тілінде жарық көрген “Қазақ тілінің грамматикасы” да кіреді. Қошкенің редакциялауымен шыққан осы зерттеудің алғы сөзінде құрастырушы: “Настоящий труд представляет записки лекций по казахскому языку, читанные тов. Кеменгеровым – преподавателем казахского языка на б.Туркестанских Курсах Востоковедения РККА в 1924-1925 жж.”, деп жазып, ұстазына үлкен алғысын білдіреді. Ал, баспагер тарапынан жазылған сөзде А.Байтұрсынұлының бұл еңбекті жоғары бағалағаны айтылады.
Қошке Кемеңгерұлы 24-30-жылдары тек бір Ташкентпен ғана тоқырап қалмады. Орынбор, Қызылорда, Семей, Шымкент қалаларына түрлі іссапармен барып, қаламгерлермен байланыс жасап тұрды.
1929 жылы жазда қаламгер Қызылтау, Сарытаудың топырағын соңғы рет басқан екен.
## Қуғын-сүргін
1930 жылы 13 қазанда Қ.Кемеңгерұлы “Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы” деген жалған айыппен Ташкентте ұсталып, абақтыға жабылады. Осы кездегі көңіл күйін, шеккен мехнатын ол “Қамалдым өткелі жоқ терең жарға, Әділдік таба алмадым амал бар ма?” деп сипаттаса, немере ағасы Нұрмағамбетке жазған бір хатында “Құс – ауға, балық торға кездесті ғой, Тағдырдың жазуына жоқ қой шара” дейді.Осы 30-жылдың қазан айының соңында Қошке Ташкенттен Алматы абақтысына айдалды. Ол Алматы түрмесінде 1932 жылдың сәуір айының соңына дейін отырады. 20 сәуірде үштіктің шешімімен 58-баптың 10,11-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Украинаның Валуйки қаласына жер аударылады. Қаламгер мұндағы темір жол жүйесінде дәрігер болды. Дәл осы жол құрылысында 1932-1933 жылдары С.Садуақасұлы инженер болып қызмет жасаған еді. Сондай-ақ Валуйки, Воронеж бағытында Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Ж.Ақбайұлы, Е.Омарұлы, С.Қадырбайұлы, К.Тоқтыбайұлы, М.Тынышбай, Ж.Күдеріұлы, М.Мырзаұлы сынды азаматтар жер аударылған еді.
1935 жылы Қошке Кемеңгерұлы Валуйкиде мерзімін толық аяқтады. Заң бойынша енді ол елге қайтуға ерікті еді. Бірақ айлалы НКВД саяси тұтқындарды елден жырақ ұстауды қалады. Сол себепті Қ.Кемеңгерұлына толық ерік бермей, Омбының Шарбақкөліне қоныстануға рұқсат етті. Ол аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі қарапайым қызметті таңдады.
Зәйра Қошкеқызының естелігіне қарағанда, әкесі 1937 жылдың ортасында сонау Ташкенттен бастап жазған замандастары туралы романды аяқтаған, енді соны Алматы баспаларына жеткізудің жолын қарастырған. Сол кітап кейін қолжазба күйінде НКВД қармағына түскен.
1937 жылдың қара құйыны Шарбақкөлдегі дәрігер Қошкені қиналмай-ақ тапты. Қайраткерді ату туралы үкім 17 қарашада бекітіліп, 21 қарашада Омбыда орындалды. Қошкенің бақи дүниеге көшкенін туған-туыстары білмеді - тек бір Алла ғана білді. Қошке әділет, азаттық жолында шейіт болды.
1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округінің трибуналы әкесін ресми түрде ақтағанда, Зәйра, Нарманбет, Сәуле тоталитаризмнің жөн-жосығын білетін саналы азаматтар еді. Қазір олардан тараған ұрпақ ата аманатына адал, өскен-өнген.
1995 жылдан бері Қошкенің мұрасы бірнеше дүркін кітап болып шықты. 2004-2006 жылы “Алаш” баспасы қайраткердің үш томдық шығармалар жинағын жариялады. Қошкетану ғылымы да қалыптасып, салаланып келеді.
## Дереккөздер |
No dataset card yet